Жаңалықтар

Бет сүйегі сынған: Таразда депутат соққыға жығылды

Фото: instagram.com/nureke_altynbekovih

Әлеуметтік желіде Таразда Алматы облысы Іле аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Байғазиевтің аяусыз соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады, деп жазды qandastar.kz

Полицейлер бұл деректі растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың өзінің айтуынша, оқиға 13 мамыр күні кешкі 17:30 шамасында қаладағы дәмханалардың бірінде болған. Ол Таразға жұмыс сапарымен барған.

“Таразға алаяқтық фактілері, басқа да резонансты істер бойынша кеңес беруге келгенмін. Кеңес алушылардың бірі полиция департаменті маңындағы дәмханаға шақырды. Ол жерге түсте бардым. Арасында полиция департаментіне барып келдім. Сағат бестер шамасында телефонымның қуаты сөніп бара жатқан соң, қуаттап алмақ болдым. Телефонымды қуат көзіне қосып, қолыма ұстап тұрғанымда дәмханада отырғандардың бірі қасыма келіп, “Бұл жерде қуаттама, басқа жерге апар” деп маған қоқан-лоқы көрсете бастады. Оған бұл жерде барлығы ортақ екенін айттым. Ол қара сөмкесінен бірдеңе алып келе жатты. Мен оны видеоға түсіріп тұрдым. Сол кезде қасыма келіп, қалай ұрғанын білмеймін, сол жақ бетімнен ұрды. Есімнен танып қалыппын, ана кісі мені ары қарай басымнан, денемнен тепкілей берген екен. Сол жердегі адамдар әрең дегенде арашалап алған”, – дейді депутат Нұрлан Байғазиев.

Депутат өзіне тап берген адамның қолында кастетке ұқсас зат болғанын және бұл әрекетті өзіне жасалған қастандық болуы мүмкін екенін атап өтті.

“Резонансты істермен айналысып жүрген соң мұны қасақана жасалды ма деп ойлаймын”, – дейді ол.

Дәрігерлер оған бет сүйегі сынғанын, ота жасату керек екенін айтқан.

Жамбыл облыстық полиция департаменті өкілдері күдікті ұсталып, полицияға жеткізілгенін хабарлады.

«Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі  – «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», — деді полицейлер.

Алайда депутат журналистерге берген сұхбатында полицейлер күдіктіні жібере салғанын, ол ауруханаға барып қысым көрсетпек болғанын айтты.

Еске салсақ, бұған дейін Іле ауданының мәслихат депутаты Нұрлан Байғазиев Алматы облысының ювеналды полиция қызметкерлері 17 жастағы қызды аялдамада тоқтатып, оны қызметтік көлікпен жеткізіп салуды ұсынған сәтінвидеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктегенін жазған едік. Осы оқиға үшін бір полицей ішкі істер органдарынан жұмыстан босатылып, екіншісі лауызымынан төмендетілген.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close