Жаңалықтар
Бибісара Асаубаева 25 мың доллар табыс тапты

Фото: Ашық дереккөз
21 жастағы қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Самарқандта (Өзбекстан) өткен беделді FIDE Women’s Grand Swiss 2025 турнирінде үшінші орынды иеленді. Бұл – қазақстандық шахматшы қыздардың «Үлкен Швейцария» додасындағы ең үздік нәтижесі, — деп хабарлайды qandastar.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Асаубаева шешуші соңғы турға дейін жеңіс үшін күресті. 11-турдағы украиналық Анна Музычукпен (2535) кездесу тең аяқталып, Бибісара 7,5 ұпай жинады. Бұл көрсеткіш оған сенімді түрде үшінші орынды иеленіп, 25 мың доллар (шамамен 13,5 млн теңге) көлемінде жүлде алуға мүмкіндік берді.
Турнирде 8 ұпай жинаған үндістандық Вайшали Рамешбабу жеңімпаз атанды. Ол осылайша 2023 жылғы жетістігін қайталады. Екінші орын 8 ұпай еншілеген ресейлік Катерина Лагноға бұйырды.
Қазақстандық шахматшылардың нәтижесі:
- Бибісара Асаубаева (2505) — 7,5 ұпай, 3-орын ($25 000)
- Меруерт Камалиденова (2349) — 6 ұпай, 19-орын ($3 000)
- Елназ Калиахмет (2299) — 5 ұпай, 37-орын, әйелдер гроссмейстері нормасын орындады
- Ксения Балабаева (2383) — 5 ұпай, 40-орын
Бұл жетістік Бибісараға 2026 жылғы үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік беретін маңызды рейтингтік ұпайлар жинауға жол ашты. Қазіргі таңда ол әлемдік шахмат аренасында Анна Музычук, Лэй Тинцзе және Харика Дронавалли секілді мықтылармен иық тірестіріп тұр.