Спорт

Бибісара Асаубаева дайындыққа жылына ондаған мың еуро жұмсайды

Үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева кәсіби шахматтағы дайындық шығындары туралы айтып берді. Спортшы жеке бапкерге ғана жылына шамамен 60 мың еуро төлейтінін және командасында 11 маман бар екенін жеткізді.

Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында кәсіби дайындыққа кететін шығын көлемі туралы айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

2025 жылдың соңында блиц шахматтан тағы бір мәрте әлем чемпионы атанған спортшы осы дисциплинада Қазақстан тарихындағы алғашқы үш дүркін чемпион болды.

Жоғары нәтижеге жету үшін тұрақты әрі сапалы дайындық қажет. Бибісараның айтуынша, ол жыл сайын жеке бапкерімен алты оқу-жаттығу жиынын өткізеді, әрқайсысы 10 күнге созылады. Бір күндік жеке жаттығудың құны – 1000 еуро (шамамен 587,7 мың теңге).

Шахматшы көпшілік бұл спортты арзан деп ойлайтынын, алайда шын мәнінде шығынның айтарлықтай екенін атап өтті. Бапкердің еңбекақысынан бөлек, жол ақысы, тұру және басқа да ұйымдастырушылық шығындар бар. Бір ғана жаттықтырушыға жылына шамамен 60 мың еуро (35,2 млн теңге) жұмсалады.

Қазіргі таңда оның командасында 11 маман жұмыс істейді. Олардың қатарында негізгі бапкерлер, спарринг-серіктестер, дебют, миттельшпиль және эндшпиль бойынша жаттықтырушылар бар.

Айта кетейік, блицтен әлем чемпионатындағы жеңіс Бибісараға 28 наурыз бен 16 сәуір аралығында өтетін Үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік берді. Бұл жарыстың жеңімпазы классикалық шахматтан әлем чемпионы атағына таласады. Қазіргі әлем чемпионы – қытайлық шахматшы Цзюй Вэньцзюнь.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button