Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
Биліктен көмек сұраймын: Бизнесмен Қазақстандағы көлікті тіркеудің сұр схемасынан зардап шеккенін айтты
Фото: Ашық дереккөз
Кәсіпкер Азат Болатов Қазақстанның оңтүстігінде көліктерді заңсыз қайта тіркеу мүмкіндігі барын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz kaztag.kz тілшісіне сілтеме жасап.
«Мен Азат Болатов, Қазақстан Республикасының азаматымын, жеке кәсіпкерлікпен айналысамын, көліктерді жалға беремін. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қаржы мониторингі агенттігінің – өзіме қатысты қылмыстық істі тергеуге араласуын және оны ерекше бақылауға алуын сұрауға мәжбүрмін”,- деді Болатов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектеновке, Бас прокурор Берік Асыловқа және Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке үндеу жолдап.
Ол қылмыстық істі Жамбыл облысының ІІД тергеп жатқанын түсіндірді.
«2024 жылдың маусым айында менің мүлкімді, оның ішінде сегіз автокөлігімді иемденген бір топ адамдардың алаяқтығының құрбаны болдым.
Ұрланған сегіз көліктің ішінен жалған нөмірмен жүріп келе жатқан екі көлікті өз бетімше таптым, олардың біреуінің VIN коды бұзылған және Шымкент қаласындағы автокөліктерге қызмет көрсету орталығында заңсыз тіркелген. Бұл алаяқтардың құқық қорғау органдарында және автосервис орталықтарында қолдаушылары барын байқатады. Өйткені олар Қазақстан Республикасының ешбір заңынан қорықпай, жазасыз қалмайтынына ерекше сеніммен қылмысқа барып отыр. Оларды Жамбыл облысы ІІД полиция қызметкерлеріне жауап алуға шақырған. Бірақ олар полиция қызметкерлерінің жауап алу хаттамалары болса да, ұсталмай, бостандықта жүр», – деді кәсіпкер.
Кәсіпкер ел басшылығынан жағдайға араласып, қылмыстық істің объективті және заңды түрде тергелуін қамтамасыз етуді сұрайды. Бір топ адамның заңсыз әрекетінің салдарынан қазір ол барлық сегіз көліктің несиесін төлеуге мәжбүр. Кәсіпкер отбасында жалғыз асыраушы және екі бала мен ІІ топтағы мүгедек қарт ата-анасын қарайлап отыр. Сөйте тұра отбасымен бірге тұрған жалғыз үйді сатуына тура келгенін алға тартты.
“Премьер-Министр көліктерді тіркеудің көлеңкелі схемаларымен айналысуды тапсырғанын атап өткім келеді. Бұл істі ерекше бақылауға алуды сұраймын, өйткені бұл адамдардың э осыған ұқсас қылмыстарға қатысы болуы мүмкін», – деп түйіндеді Болатов.
Айта кету қажет, бұған дейін ресейлік блогер Максим Шелков ютуб блогында осындай қитұрлықтың кесірінен жүздеген адам жапа шеккенін жеткізді.
“ Қазақстаннан әкелінген автокөліктерге қатысты автоалаяқтық схемасын анықтадым. Санкт-Петербург тұрғындары Ресейде бір жыл болған Hyundai Sonata автокөлігін 3 285 000 рубльге сатып алып, ЭПТС жазып, көлікті жол полициясында тіркеген. Көлік алды, тіркеді, бәрі жақсы болған.
Алты айдан кейін құжаттардағы және жол полициясының деректер базасында есімін өзгерту қажет болған. Олар жол полициясы бөліміне жеткен, бірақ оларға көліктің іздеуде екені, нақты Қазақстан көлікті іздеп жатқаны туралы хабарланған. Қазақстандағы Hyundai Sonata көлігінің иесімен хабарласудың сәті түскенде ол көлігінің ұрланғанын растады. Бірақ іс жүзінде жағдай әлдеқайда күрделі болып шықты, жәбірленушілердің саны да таңқаларлық. Қазақстандықтар көлікті несиеге рәсімдеген,ал сол көліктер Ресейде заңсыз құжатпен рәсімделген. Мұндай схеманы бір адам жасауы мүмкін емес”, – деді блогер.