Әлем жаңалықтарыӘлеумет және қоғамЖаңалықтар
Биогумус: қалдық қалыс қалмасын десек…

Фото: Айғаным Мұстапаева
Дисклеймер: Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.
Әлем халқының саны артқан сайын азық-түлік қалдықтарының көлемі ұлғайып келеді. Бұл – экологиялық және экономикалық тұрғыдан өзекті мәселе. Көптеген ел бұл түйткілді тиімді шешу үшін органикалық қалдықтарды полигонға тастаудың орнына тыңайтқыш ретінде қайта өңдеу тәжірибесін енгізіп, ауыл шаруашылығы қажетіне пайдаланып жатыр. Қазақстанда да азық-түлік қалдығынан тыңайтқыш өндіру өзекті. Себебі жыл сайын қоқысқа кететін қалдық көлемі ұлғайып барады.
Мемлекет қаржысына келген азық далаға кетеді
Қызылорда облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (бұдан әрі – ӘКК) жұмыс істейді. Міндеті – облыс тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету әрі тапшылықты жою. Бұл мақсатта мекеме маусым сайын мемлекет қаржысына мыңдаған тонна жеміс-жидек, азық-түлік сатып алады. Жоспар бойынша алынған өнім арнайы қоймаларда сақталып, халықтың керегіне қарай әлеуметтік дүкендерде сатылуы керек еді…
Алайда көктемде мекеме жиі сынға ұшырайтыны бар. Себебі корпорация қоймадағы көкөніс пен бақша дақылдарының жарамсыз бөлігін – жүздеген тонна өнімді ашық алаңдарға тастайды. Мысалы, 2023 жылы «Байқоңыр» ӘКК тұрақтандыру қоры арқылы алынған азық-түлікті қоқысқа тастауға мәжбүр болды. 126 тонна көкөніс пен жеміс қоқыс полигонында шашылып жатты. Халық жарамсыз деп танылған осы өнімдерді тиімді пайдаланудың балама жолы қарастырылмағанына наразы.
Коллаж: Айғаным Мұстапаева
Бұл – алғашқы оқиға емес. Жалпы ӘКК-нің 2021 жылы да осыған ұқсас келеңсіздікке жол бергені көпшілік жадынан шыға қойған жоқ. Сол жылы азық-түлік қорының 25 пайызы, яғни 300 тоннадай өнімнің далаға тасталғаны тұрғындардың ашу-ызасын тудырған.
Әрбір шу көтерілген тұста мекеме мұндай қадамның заңдылығын әрі табиғи құбылыс екенін мәлімдейді. Кезекті ресми хабарламада азық-түлікті қоқысқа тастау процесінің қалай жүретінін жеткізгені есте.
«Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алынады. Бұл өнімдер арнайы әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлері желілеріне жеткізіліп, төмен бағамен сатылады. Сонымен бірге көшпелі азық-түлік жәрмеңкелерінде өңір тұрғындарына жеңілдетілген бағамен ұсынылады. Дүкендерде жарамсыз болып қалған өнімдер қайтадан қоймаға әкелініп сақталады. Оның ішінде жарамсыз қалдықтардың қалуы заңды құбылыс. Соған сәйкес қоймадағы тауарлар ай сайын сараптамадан өткізіледі. Жою алдында жарамсыз көкөніс тауарлары актіленіп, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-нан сынақ хаттамасы алынады. Әрі қарай қауіпті тамақ өнімдерін жою жөнінде комиссия құрылып, шешім қабылданады. Арнайы мамандар қорытындысы бойынша есептен шығарылып, келісімшартқа сәйкес қоқыс полигонына апарылады», – делінген «Байқоңыр» ӘКК хабарламасында.
Аталған келеңсіздіктен кейін қоғамда азық-түлік қалдығын тиімді пайдалануды сұраушылар көбейді. Бастапқыда далаға төгілетін қалдық өнімді мал азығы ретінде пайдалану ұсынылған. Алайда шіріген өнімді азық ретінде пайдалану санитарлық талапқа сай келмейді. Жем-шөп ретінде қолдану үй жануарларының бойындағы ауру қоздырғышын асқындыру ықтималдығы жоғары. Оған қоса шіріген азық-түлікпен бағылған мал етіадамға да зиян. Сондықтан азық-түлік қалдығынан тыңайтқыш әзірлеу– тиімді шешім.
Фото: ашық дереккөз
Биогумус арқылы бақты жайқалтқан профессор
Реті келгенде азық-түлік қалдығынан тыңайтқыш әзірлеудің жай-жапсарын тарқатайық. Бұл әдіс қарапайым әрі көп шығынды қажет етпейтінімен танымал. Жұмыс процесі қалай өрбиді? Алдымен белгіленген аймаққа топырақ толтырып, үстіне азық-түлік қалдығын себеді. Кейін органикалық қалдықтардың үстіне арнайы құрттарды салады. Құрттар қалдықты жеп, ары қарай жерге өту арқылы топырақты құнарландырады. Нәтижесінде қалдық жоғалады, топырақ құнары артады. Оған қоса дайын егіс алқабына қажетті биогумус алуға да жағдай жасалады.
Қазақстанда органикалық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі енді ғана талқыланып, алғашқы қадам жасалып жүр. Әсіресе, ірі қалаларда тамақ қалдықтарының мөлшері айтарлықтай көп. Бірақ бұл мәселені шешу үшін қажетті инфрақұрылым, қолдау тетіктері және халық арасында ақпараттандыру жеткілікті емес.
Қызылорда облысында органикалық қалдықтардан тыңайтқыш жасауға талпыныс бар. Бастысы, далаға тасталатын азық-түлікті кәдеге жаратуға ғалымдар да үлес қосып келеді. Соның бірі – профессор Раушан Нұрымова.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Аграрлық технологиялар» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры Раушан Нұрымова биогумус өндірісін кешенді зерттеп қоймай, оның тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Профессор университетке тиесілі «Ботаникабағында» тың зерттеу жүргізіп, органикалық қалдықтардан шығарылған тыңайтқышты тестілеуден өткізген. Мысалы, бақта 5-6 жыл бойы жеміс бермеген ағаштар бар. Профессор өткен жылдан бастап сол ағаштарға биогумус тыңайтқышын қосып, алғаштан жеміс алды.
Фото: ашық дереккөз
– Минералды тыңайтқыштар химиялық қосылыстардан тұрады. Олардың құрамында негізгі қоректік элементтер бар. Келесі микробиологиялық тыңайтқыштар тірі микроорганизмдерден құралады, сонымен қатар топырақтың құнарын арттыру үшін микроорганизмдердің қызметін пайдаланады. Ал табиғи түрде пайда болатын, өсімдік және жануарлардың қалдықтарынан алынатын тыңайтқыштарға көң, компост және биогумус жатады. Оларды органикалық топқа жатқызамыз. Ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруда және экологиялық таза өнім алу мәселесінде органикалық тыңайтқыштар ерекше орын алады, соның ішінде биогумус – ең тиімді әрі қауіпсіз тыңайтқыш.
Бізге бақты жайқалтуда осы әдіс көмектесті. Ол үшін калифорниялық қызыл құртты пайдаландық. Шылаушынның өнімі – биогумус кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтады, нәтижесінде диқан өнімді еселеп алады. Әсіресе жылыжай шаруашылығы мен үй өсімдіктеріне қолдану өте пайдалы. Мұндай тыңайтқыш берілген жер үш жылға дейін өзінің жоғары құнарлылығын сақтайды, – дейді профессор.
Фото: ашық дереккөз
Ғалыммен әңгімеден ұққанымыз, азық-түлік қалдығынан тыңайтқыш, яғни биогумус өңдіруге бағытталған құрттың түр-түрі бар екен. Алайда салада көп қолданылатыны – калифорниялық қызыл шылаушын. Оның азық-түлікті органикалық тыңайтқышқа айналдыру уақыты да, өнімділігі де жоғары.
Коллаж: Айғаным Мұстапаева
Әлем ғалымдары калифорниялық қызыл шылаушын селекциясын ХХ ғасырдың 50-жылдарында АҚШ-та дамыта бастады. Қалыпты калифорниялық қызылқұрттың ұзындығы – 10 см, диаметрі 3-5 мм, дене салмағы шамамен 1 грамды құрайды. Кәдімгі жауынқұртына қарағанда 150 есе тез көбейеді. 21 күнде жаңа ұрпақ пайда болады, ал 90-120 күнде ересек күйге өтеді.
– Калифорниялық қызыл құрт – үй жануары сияқты зиянсыз шылаушын. Оны өсірудің еш қиындығы жоқ, арнайы жәшіктерді немесе ені 1-2 метр болаты науаларды қолданып, бау-бақша телімінде айналысуға болады. Екі шаршы метрден жылына 1 тонна биогумусқа дейін алуға болады. Жәшікті дайындағанда астына дренаж қызметін атқаратын құм салады. Кейін 1-2 см топырақ, артынан 3-5 см тамақ қалдықтары, қайтадан 1-2 см топырақ салады. Арасына жұмыртқа қабығының ұнтағын салу керек. Себебі құрттар қышқыл ортаны ұнатпайды. Қыста жылы жерде ұстап, күн жылығанда бақшаға жіберуге болады. Ол өсімдік, тамақ қалдықтарының барлығымен қоректеніп, оны қара шіріндіге айналдырады, – деді профессор.
Ғалым өндіріс процесінде калифорниялық қызыл шылаушынның «Eisenia fetida» деп аталатын түрін қолданады. Ол – Lumbricidae тұқымдасына жатады. Құртазық таңдамайды. Кез келген жемісті кәдеге жарата алады. Сондықтан Раушан Нұрымова биогумус өндірісі үшін негізінен мал қалдықтары, сабан, үгінділер, қураған шөптер, азық-түлік қалдығы және басқа да органикалық қалдықтар пайдалануға мүмкіндік барын айтты.
– Биогумусты кез келген жерге қолдана отырып, кез келген жерден өнім шығаруға болады. Өлі деген жердің өзінен өнім алуға мүмкіндігі бар. Гумус әдетте 30-40 жылда жердің бетінде 1 см ғана пайда болады. Ал біз 7-8 ай ішінде биогумус өндіріп, жерді қалпына келтіре аламыз.Құртты аптасына бір рет жеткілікті мөлшерде суарыңыз. Ең бастысы, кеуіп кетпеуі керек.
Биогумустың нәтижесінде ботаникалық бақта алма ағаштары гүлдеп жатыр. Жай ғана гүлдеген жоқ, өз уақытынан ерте гүлдеп, ерекше өзгеріс байқалуда. Бұл — үлкен нәтиже. Сонымен қатар зерттеу зертханалық жағдайда жалғасын табуда. Зертханада биогумустың көмегімен катальпа ағаштары гүлдеп, жақсы нәтиже көрсетті. Зертханалық жағдайда осы кезге дейін бірашама дақылға тәжірибе жасалды, биогумустың ешқандай кері әсері болмады. Органикалық тыңайтқыш биогумусты зертханалық жағдайда және ашық алаңда қолдандық, екі тәжірибе де жоғары нәтиже көрсетті. Айта кететінжайт, биогумустың сұйық түрін түйежоңышқаның Алтыбас, Сарыбас, Ақтаң, Қарлыбас сорттарына тәжірибе жасадық, бұл тәжірибеде де оң өзгеріс байқалды.
Фото: ашық дереккөз
А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы — Қазақстан Республикасындағы егін және өсімдік шаруашылығы саласындағы ірі ғылыми орталық. 2024 жылдың өнімінен А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығынан әкелінген жем-шөп дақылдарына жататын түйежоңышқаның тұқым сорттарының ішінде төртеуі (сары бас, ақ таң, қарлыбас, алтыбас) 2025 жылы 16 наурызда аудандастыру мақсатында Ботаникалық баққа егілді және оған биогумус енгізілді. Нәтижесінде 28 наурыз айында алғашқы жапырығын жайып, мезгілінен ерте көктеді.
Университет агрономия бағытындағы білім алушылардың зерттеу жұмыстарын жүргізуге және енгізу үшін жем-шөп дақылдарының тұқым сорттары әкелінді. Алдағы уақытта зерттеу жұмыстары үшін пайдалануға және тәжірибеден өтулеріне мүмкіндік болары сөзсіз, — деді Р.Нұрымова.
Фото: ашық дереккөз
Түйежоңышқа топырақтағы тұздарды ыдыратуға, азотпен байытуға көмектеседі. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Университеті, Инженерлі-технологиялық институты, Аграрлық технологиялар кафедрасының мен а.-ш.ғ.к., қауымдастырылған профессоры, Нұрымова Раушан Дүйсенқызының жетекшілігімен АГР-23-1 оқу тобының студенттері Абызбай Сәкен, Сайфуллаев Бақдәулет, Елеусізова Гүлназдың ботаникалық баққа аймақтың қатал табиғи-климаттық жағдайына, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін көтеруге бағытталған тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарын жүргізуі өте маңызды. Осыдан студенттердің биогумус әдісін зерделеп, жаңаны игеруге белсенділіктері жоғары екені байқалады. Бұл — жас мамандардың тұлға болып қалыптасуына төте жол болмақ.
Ғалым: органикалық өнімге сұраныс аз
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосановтың айтуынша, кез келген тұрмыстық қалдықты өңдейтін құрылғылар бар, алайда органикалық қалдықтарды өңдейтін құрал немесе өнертабыс әліжоқ. Дәл осы органикалық затты өңдеу өте қиын. Егер азық-түлік қалдықтарынан құтылудың бір жолын қарастыру керек болса, әлі де қызыл шылаушындарға жүгінуге тура келеді.
Сондай-ақ ғалым бұл құрттар азық-түліктен ғана емес, жапырақтардан да тыңайтқыш жасауға қауқарлы екенін жеткізді. Егер органикалық тыңайтқыш жасау ісін жолға қойсақ, күз айларында көшені басып қалатын жапырақтарды өртемей, тамақ қалдықтарын тастамай тыңайтқышқа айналдыруға болады.
С.Қосанов мұндай қалдықты табиғи жолмен өңдеуге калифорниялық қызыл құрттан өзге старатель құртын да пайдалануды ұсынады.
– Қызыл құрттардан шыққан биогумусты капралит деп атайды. Құрттар берген тамақты өзінің денесі арқылы шығарып, қайтадан пайдалы табиғи тыңайтқышқа айналдырып береді. Ол үшін жейтін тамағында ешқандай иіс болмауы керек. Олар өңдеген биогумуста макро, микроэлементтердің барлығы болады. Бір сөзбен айтқанда, теңдесі жоқ органикалық тыңайтқыш.Әсіресе, жеке шаруашылықтар үшін қажет. Тіпті қарапайым есік алдына гүл өсіру үшін де таптырмас дүние. Біздегі мәселе мұны өндірістік мақсатта пайдалану қиын болып тұр. Биогумус қай жерлерде өтімді? Әуелі соны зерттеуіиіз керек, – дейді ғалым.
Фото: жеке қорынан
Сонымен қатар ол биогумустың сортаң, сор, сілтілігі жоғары өңірлердегі топырақ үшін де керемет тыңайтқыш екенін айтты. Егін үшін ғана емес, облыс жерінің құнарын арттыру үшін кешенді қолдану қажет дейді. Оған қоса биогумус өндірісі едәуір экономикалық пайда әкеліп, жаңа экономикалық аймақ құруға ықпал етуі мүмкін.
– Біздегі шаруа қожалықтары мен күріш егетіндердің барлығы минералды тыңайтқыштарға жүгінеді. Тез өнім алу үшін минералды тыңайтқышты таңдайды. Ал органикалық тыңайтқыш ұзақ әсер еткенімен оның ешқандай зияны жоқ.
Биогумус жайлы Ресейдің Ковров қаласына барып оқып, барлық технологиясын сатып алып жасадық. Күзде жиналатын жапырақтар мен малдың көңін пайдаланып көрдік. Бірақ өндірістік мақсатта қолдануда әлі де қиындықтар бар. Себебі бұл іс әлі де жүйеге келмей жатыр. Шартты түрде айтсақ, бір тонна көңнен немесе азық-түліктен құрттар 500 келі биогумус шығарып береді. Ал ең арзан деген биогумустың бір литрі 60 теңгені құрайды. Сонда есептей беріңіз, тонналап биогумус шығару үшін қаншама шикізат керек. Егер әркім мұны өзінің есік алдындағы бау-бақшасына пайдаланатын болса, оған да күтім керек. Жай ғана жапырақ қалдығына, азық-түлікке не көңге құртты жіберіп қарап отырамын десеңіз қателесесіз. Оған да жайлы жағдай керек. Сонда ғана тез көбейіп, тыңайтқыш береді, – дейді ол.
Бұдан шығатын қорытынды – әр нәрсенің өлшемі бар. Қызыл құрт өсіріп, пайдаға кенелемін деу – қате пікір. Тыңайтқышты әзірлеу – үйдегі азық-түлік қалдығын кәдеге жаратып, экологияға зиян тигізбеудің жолы. Ал экономикалық пайдаға кенелу үшін ауқымды өндіріс пен жүйелі жұмыс қажет.
Фото: жеке қорынан
Ал тұрақты даму саласының маманы Жанар Құлжанованың пікірінше, биогумус топырақпен қатар суды да тазартуға көмек бере алады.
–Биогумустың ауыл шаруашылығына енуін жеделдету өзекті. Бұл тек экологияны жақсартып қоймай, химиялық тыңайтқыштарды қолдануды азайту арқылы су мен топырақтың ластануын да төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі су тапшылығы мәселесі өзекті кезеңде бұл өте тиімді болады. Сондықтан биогумусты өндіретін кәсіпорындарды қолдап, оларға басымдық беретін уақыт келді», – дейді маман.
Тыңайтқыш өндірісі техрегламентке сай болуы тиіс
Қазақстанда биогумус өндірісі дамыса, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы ауыл шаруашылығы да, қоршаған орта да үлкен пайда көрмек. Десек те, Қазақстанда тыңайтқыш өндірісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген «Тыңайтқыштардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентімен реттеледі.Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы Айнұр Батырханованың айтуынша, өндіріс үшін арнайы рұқсат алу шарт, бақылау да қатаң. Демек азық-түлік қалдықтарынан тыңайтқыш әзірлеу өндірісіне мемлекет араласуы керек.
– Аталған регламент минералды, органикалық, органоминералды тыңайтқыштар мен топырақ жақсартқыш заттардың өндірісі, сақталуы, тасымалдануы және кәдеге жаратылуының барлық кезеңіндегі қауіпсіздік талаптарын белгілейді. Қалдықтарды қайта өңдеу қызметін жүзеге асыру үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу қажет, – деді ол.
Бұл рұқсат қалдықтарды басқару бағдарламасы және басқа да қажетті құжаттар негізінде беріледі. Тыңайтқыш өндірісі жоғарыда аталған Техникалық регламент талаптарына сәйкес болуы тиіс.
Айта кету керек, тамақ қалдықтарынан тыңайтқыш өндірудіңэкологиялық артықшылықтары да бар.
– ҚТҚ полигондарындағы органикалық қалдықтардың көлемін азайту өз кезегінде атмосфераға метан газының шығарылуын төмендетеді, химиялық тыңайтқыштарға тәуелділікті азайтып, топырақты органикалық заттармен байытады. Алайда, тамақ қалдықтарынан тыңайтқыш өндіру барысында келесідегідей экологиялық қауіптер ескерілуі қажет: парник газдардың бөлінуі, топырақ пен судың ауыр металдармен және патогенді микроорганизмдермен ластану қаупі, ашық ауада компосттау кезінде күкіртсутек және аммиак аэрозольдарының түзілуі. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, тамақ қалдықтарынан тыңайтқыш өндіру экологиялық қауіпсіз және тұрақты шешім бола алады,-деді А.Батырханова.
Шетел тәжірибесі не дейді?
Биогумус жасау саласында әлемде бірнеше компания жұмыс істейді. Олар азық-түлік қалдықтарын биогумусқа, басқа да органикалық тыңайтқыштарға айналдыруда инновациялық әдістер қолданады. Олардың қатарында АҚШ-тағы WormFarm компаниясы бар. WormFarmазық-түлік қалдықтарын, әсіресе, құрттарды пайдаланып, биогумусқа айналдырумен айналысады. Бұл әдіс вермикомпосттау деп аталады, оның нәтижесінде жоғары сапалы органикалық тыңайтқыштар алынады. Мұндағы Fertile Earth Worm Farm компаниясының жұмысы да осыған негізделген.
Коллаж: Айғаным Мұстапаева
Ал ұлыбританиялық «Loopbioproducts» компаниясы қалдықтарды азайтып, өсімдіктерге арналған тұрақты тыңайтқыштар жасауға мүмкіндік береді.
Канада да бұл мәселе жүйеге келтірілген. Мұндағы The Worm Worksкомпаниясы органикалық қалдықтарды биогумусқа және басқа да экологиялық таза өнімдерге айналдыруға арналған инновациялық технологияларды дамытады.
Статистика бойынша Германия мен Франция секілді елдер органикалық қалдықтарды қайта өңдеу саясатын мемлекеттік деңгейде жүзеге асырады. Германияда да жыл сайын органикалық қалдықтар қайта өңделеді, оның басым бөлігі тыңайтқыш ретінде қолданылады. Францияда 4,7 миллион тонна қалдықтың 30%-ы биогумус өндірісіне бағытталған.АҚШ-та биогумус өндірісі стартаптар мен инновациялық шешімдер арқылы дамып отыр.
WormPower стартапы жылына 5000 тонна биогумус шығарып, оны фермерлерге жеткізеді. Елдегі органикалық қалдықтардың 9%-ы осы әдіспен өңделіп, қалдықтардың азаюына айтарлықтан әсер еткен. Жапония да технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауыл шаруашылығына бейімделген экологиялық шешімдерді енгізіп келеді. Мұнда биогумус өндірісіне бағытталған «Mori Sangyo Co., Ltd» және «Green Sogyo, Y.K.» компаниялар жемісті жұмыс істеуде.
Малайзия мешіттер мен қоғамдық тамақтану орындарында азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеу үшін жылжымалы қоқыс өңдеу машиналарын орнатқан. Бұл құрылғылар тәулігіне 25 келі қалдықты тыңайтқышқа айналдырады. Малайзияда 13 000 тонна азық-түлік қалдығы күн сайын полигонға кететінін ескерсек, бұл бастаманың болашағы зор.
Қазақстанда биогумус өндірісін дамыту мүмкін бе?
Журналистік зерттеу соңында азық-түлік қалдықтарын тиімді пайдалану және экологиялық шешімдерді енгізу үшін бірнеше нақты қадамдар қажет екенін түсіндік. Сондай қадамның бірі – мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету. Биогумусты ауыл шаруашылығында қолдануды кеңейту де маңызды. Фермерлер биогумус туралы толық ақпаратқа ие емес. Сондықтан оқыту бағдарламалары, тәжірибе алмасу алаңдары және сала мамандары үшін семинарлар ұйымдастыру қажет. Экобелсенді Айсұлу Құнанбаеваның пікірінше, Қазақстанда биогумус өндірісін дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдануы керек. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында гранттар мен субсидиялар бөлуі, сондай-ақ органикалық қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын құруы маңызды.
– Биоқалдықтарға тек азық-түлік емес, бау-бақшадағы, саябақтардағы жапырақтар, бұталар да жатады. Осының барлығы қоқыс полигонына көмілгенде, шіру процесі кезінде ауаны ластайтын түрлі газ – метан, көмірқышқыл бөледі. Олар климаттың өзгеруіне – күннің жылуына әсер етеді. Мысалы, Еуропа одағының статистикасы бойынша жалпы өндірілген азық-түліктің 20%-ы пайдаланбай, қоқысқа кетеді. Одан 186 млн тонна көмір қышқыл газы бөлінеді. Сондықтан биоқалдықтарды қоқыс полигонға көмудің орнына одан не биогаз, не табиғи тыңайтқыш (биогумусты) өндіріп, пайда табуға болады, – деді экобелсенді.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары экологиялық таза ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау мәселелері Қазақстанда өзекті болып отыр. Бұл тұрғыда биогумус, яғни органикалық тыңайтқыш, ерекше маңызды рөл атқарады. Бұл, әсіресе, Қазақстанның кейбір аймақтарында жердің тозуы және органикалық тыңайтқыштардың жетіспеушілігі мәселелерін ескергенде ерекше маңызды.
– Азық-түлік қалдықтарынан өндірілген тыңайтқыштар табиғи тыңайтқыш түріне жатады. Әлемдегі соңғы үдерістердің бірі – дәстүрлі ауыл шаруашылығынан органикалық фермерлікке ауысу. Олар органикалық фермерлік химиялық тыңайтқыштардан, пестицидтерден бас тартып, биогумусты пайдаланып жатыр.
Осындай тәсілмен өсірілген көкөніс пен жемістер халық саулығына аса пайдалы, өйткені оңың құрамында көптеген дәрумендер мен микроэлементтері болады. Ал дәстүрлі тәсілмен өсірілген көкөніс пен жемістер, өкінішке қарай денсаулыққа керісінше зардап келтіруі мүмкін, – деді ол.
Шешім қандай?
Сонымен… органикалық тыңайтқыш әзірлеу өндірісін қалыптастыру үшін қандай қадам қажет?
Коллаж: Айғаным Мұстапаева
Біріншіден, салада толыққанды дамуға қол жеткізу үшін биогумус өндірісіне арналған инфрақұрылымды дамыту, мемлекет тарапынан қолдау көрсету және фермерлерді осы әдіс туралы кеңінен ақпараттандыру қажет.
Екіншіден, азық-түлік қалдығынан тыңайтқыш әзірлеуге ынталандыру үшін заманауи технологияларға қолжетімділікті жақсарту, мамандарды оқыту және биогумусты кеңінен қолдануды жүзеге асыру керек.
Үшіншіден, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларын реформалауды ұсынамыз. Өйткені ӘКК-лер азық-түлік қалдықтарын қоқысқа тастаудың орнына (1) тыңайтқыш өндірісіне бағыттауы керек.
Төртіншіден, қоғамдық қорлар мен еріктілер тамақ қалдықтарын жинау, сұрыптау және биогумус өндірушілерге жеткізу жұмыстарын үйлестіре алады. Сонымен қатар қоқыс сұрыптау полигондарында биогумус өндіру жобаларын жүзеге асыру.
Коллаж: Айғаным Мұстапаева
Бесіншіден,ірі қалаларда тамақ қалдықтарын өңдеуге бағытталған арнайы жинау жүйесін енгізу. Бұл ретте біз сөз еткен Германия, Франция, АҚШ тәжірибесін пайдалана отырып, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыруға болады.
Демек, бұл бастамаға қоғам мен мемлекет тарапынан қолдау жасау маңызды. Тиімді инфрақұрылым құрылып, Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізсе, бұл экологиялық әрі экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндікберері анық.
Мөлдір СНАДИН