
Фото: Pixabay
Қазақстанның бірқатар қаласында тұрғындар бағаның өсуіне қарсы бейбіт митинг өткізбек болғанымен, жергілікті билік жиындарға рұқсат бермеді, деп хабарлады qandastar.kz.
Қарағанды қаласы әкімдігінің жауабында:
«25 қазанда Абай ескерткіші алдындағы бейбіт жиын өткізуге рұқсат берілмейді, себебі сол уақытта белгіленген орында өзге іс-шаралар жоспарланған және құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде», – деп көрсетілген.
Павлодарда да әкімдік келісілген уақытта және белгіленген орында митинг өткізуге қарсы болып, белсенділерге жиынды жабық ғимаратта өткізуге немесе орнын ауыстыруға кеңес берген.
Ал Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Марлен Сандыбеков қол қойған хатта:
«Сізге 25 қазанда митинг түрінде бейбіт жиын өткізуге рұқсат берілмейді», – делінген.
Адам құқықтарын қорғаушылардың дерегінше, осы үш қаладағы белсенділер әкімдіктерге барлығы тоғыз рет бейбіт жиын өткізу туралы өтініш жіберген, бірақ бәріне де бас тарту жөнінде жауап келген.
Жиын ұйымдастырушылары Үкіметтен қосылған құн салығын (ҚҚС) 16%-ға дейін өсіру жоспарын тоқтатуды және елдегі баға қымбаттауын тежеуді талап етпек болған.
Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның мәліметінше, 2025 жылы елде бейбіт жиын өткізуге 27 рет рұқсат берілмеген, ал 2020 жылдың 30 шілдесінен 2025 жылдың 8 қазанына дейін мұндай бас тартулардың жалпы саны 713-ке жеткен.