Жаңалықтар
Бишімбаев ісінде танылған сарапшы Халимназаров: Шерзатты құтқаруға болар еді

Фото: жоғарғы сот
2025 жылғы 23 мамырда тәуелсіз сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Шерзат Полаттың өліміне себеп болған жарақаттарына қатысты сотта жауап берді, деп хабарлайды qandastar.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Ол жәбірленуші тараптың адвокаттарының өтініші бойынша қосымша тәуелсіз сот-медициналық сарапшы ретінде жауапқа тартылды.
Отырыста әуелі адвокат Мейірман Шекеев Тахир Халимназаров жасаған қорытындыны оқып берді. Онда сарапшы Шерзат Полаттың кеуде тұсына салынған жара мен көп мөлшердегі қан жоғалтудың салдарынан көз жұмғанын растаған.
«Кеуде тұсындағы пышақ жарақаты өкпені зақымдап, ішкі қан кетуге әкелген. Бұл оның өліміне себеп болды, себебі ол көп қан жоғалтқан. Сараптама кезінде өкпеқап қуысында 1,5 литр қан табылды. Адам 500–600 миллилитр қан жоғалтқанда-ақ жағдайы күрт нашарлайды. Ал 1 литрден астам қан жоғалту – өмірге қауіп төндіреді. Егер оған 30 минут ішінде шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, жедел ота жасалса – Шерзат Полатты құтқаруға болар еді. Ол ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген» – деп оқыды қорытындыны Мейірман Шекеев.
Сотта өз қорытындысына түсініктеме берген Тахир Халимназаров басқа үстірт жарақаттардың жасөспірімнің өміріне қауіп төндірмегенін айтты.
«Өкпе тыныс алу жолдарымен байланысты болғандықтан, Шерзат тыныс алғанда аузынан қан кеткен. Ол сырттан емес, іштен кеткен қаннан қайтыс болды. Денесінің ішінде 1,5 литр қан жиналған, бірақ ауруханаға жеткізілгенге дейін қанша жоғалтқаны белгісіз. Мұндай жағдайда адамды қандай уақыт аралығында құтқаруға болатынына нақты критерий жоқ – бәрі оның физиологиясына байланысты. Егер ауруханаға 10 минуттың ішінде жеткізілсе, өмірін сақтап қалуға болар еді. Ең бастысы – қан кетпей тұрып шұғыл көмек көрсету. Шерзатты жылдам жасалған ота арқылы аман алып қалуға болатын еді. Сонымен қатар жаралардың салыну ретін анықтау мүмкін емес – бәрі жаңа. Егер адам тірі болып, сауығу сатысында болса, жаралардың уақытын шамалап айтуға болар еді, ал бұл жағдайда – адам қаза тапқан», – деді Тахир Халимназаров.
Айыпталушылардың бірінің адвокаты сарапшыдан Шерзаттың қолындағы сызаттар кастеттен болуы мүмкін бе деп сұрады. Сарапшы бұл сұраққа жауап ретінде: «Кастетпен әдетте жарақат салады, ал адам ол арқылы өзі жарақат алуы мүмкін емес, бұл екіталай» деп жауап берді.