Жаңалықтар

Биыл Нью-Йорктің әйгілі сахнасы Madison Square Garden-де Димаштың концерті өтеді

Алматыда Димаш Құдайбергеннің фан-кездесуі өтіп жатыр. Кездесу барысында ол Нью-Йорктің әйлігі Madison Square Garden кешенінде Stranger концертін өткізетінін жариялады, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпараттық порталы Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Концерт биыл 5 қарашада өтеді деп жоспарланған. Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің Stranger туры Барселона, Берлин, Лондон, Рига қалаларында өтетіні хабарланған болатын.

Сондай-ақ «Балқадиша» әнін татамиде орындап әлеуметтік желіде танымал болған Иса Бекболат Димаштың арнайы шақыртуымен өнерпаздың бүгінгі фан-кездесуіне келді. 14 жастағы Иса алғаш рет үлкен сахнада — Almaty Arena-ға жиналған 8 мыңнан астам адамның алдында ән салды. Димаш Құдайберген жас өнерпазға өзінің ақ-тілегін айтты.

Сондай-ақ Димаш кездесуде Қытай телеарнасы көрсететін әншілер байқауының продюсері болатынын хабарлады.

Одан бөлек әнші Алматыда өткен фан-кездесуінде жанкүйерлерінің сұрақтарына жауап берді. Димаштың фан-кездесуіне 40-тан астам елден жанкүйерлер келген.

Осы айда Димаш Құдайберген белгілі қазақ ақыны әрі жазушысы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірілген жаңа бейнебаянның тұсауын кесті.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close