Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Биылдан бастап пойыздар мен ұшақтарда интернет іске қосылады

2026 жылы «Қазақстан темір жолы» пойыздары мен Air Astana әуе компаниясының ұшақтарында спутниктік интернет қолжетімді болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп жазады Qandastar.kz порталы Кursiv.media-ға сілтеме жасап. 

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда спутниктік интернет қызметін көрсететін үш оператор жұмыс істеп тұр. Жақын уақытта нарыққа тағы екі шетелдік компания кірмек. Ал пилоттық сынақтар 2026 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар әкімдіктер туристік және қолжетімі қиын аймақтарды жергілікті бюджет есебінен спутниктік интернетпен қамтамасыз етуі тиіс.

Жаслан Мәдиев елімізде автожолдарды мобильді байланыспен қамту жобасы іске асырылып жатқанын да атап өтті. Жоба республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды қамтиды. Оны толық аяқтау алдағы екі жылда жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Қазақстанда 5G базалық станцияларын орнату жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда бесінші буын желісі 20 қалада қолжетімді, ал билік 5G желісімен қалалардың 75 пайызына дейін қамтуды көздеп отыр.

Министрдің мәліметінше, елде 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Соның ішінде 3 мыңнан астам ауыл биыл және келесі жылы талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.

«Нәтижесінде Қазақстан халқының 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады», – деді Жаслан Мәдиев.

Сонымен қатар ауылдарға интернет тартумен қатар,әрбір үйге дейін талшықты-оптикалық желі жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button