Жаңалықтар
«Біз неге дамымаймыз?»: Алғабас ауданында сапасыз асфальт төселуде
Фото: ашық дереккөз
Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданындағы Алғабас ауылының тұрғындары ауылға баратын 7 шақырым жолдың жауынға қарамай сапасыз жүргізіліп жатқанына наразы, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл туралы өзінің әлеуметтік парақшасында депутат Дәулет Мұқаев жариялады. Депутаттан көмек сұрап ауыл тұрғындары видео жолдаған. Видеода ер адам 170 млн теңгенің салыну керек жол тек жамаумен шектелгенін айтады. Оның үстіне неше күн жауынға қарамай балшықтың үстіне төселуде. Депутаттың айтуынша, осы сарындағы хаттар легі өте көп.
– Біз неге дамымаймыз? Себебі көп нәрсені теріс істейміз. Үй саламыз, артынша жол саламыз. Сосын оны бұзып, жол астына құбыр, кабель саламыз. Ақша жоқ емес, бөлінуі бөлінеді-ау. Бірақ соны дұрыс басқара алмаған соң, талан-таражға түсіп, соңында қарапайым халық опық жейді. Одан кейін қалған ақшамен боран болсын, жаңбыр болсын, ештеңеге қарамай әйтеуір, жолды тез-тез бітіру керек болады. Видеода ШҚО, Күршім ауданы, Алғабас ауылына барар жол. Міне, соның айқын мысалы осы. Бөлінген ақша жоғарыдан ауылға жеткенше, дөкейлердің уысына түскенше, 20 сантиметрлік асфальт 15 болады, 15 см асфальт 7-8 см болады, – дейді ол.
Депутат ватсап номеріне келген хаттан үзінді жариялады.
«Бүгін 29 қазан, бұл 7 км жолдың жөндеу жұмысы. Мердігер жұмысын бастағаннан бері ауыл халқы күнде ескертумен келеді ЖКХ мекемесінде аудандық басында тұрып шақырды келмеді тексеруші орган келмейді, ешкім бақылауға алмайды, ауылдық әкім келіп ескерту жасайды бірақ оны тыңдамайды. Күршім ауданы мен Алғабас ауылының арасы 10 км осыдан 4-5 жыл бірінші салынған асфальт жолдың қалыңдығы небәрі 1.5 см осыны тексерген облыстық антикор, лаборатория келіп алған анализден де сапасыз нәтиже шыққан. Бірақ мердігерге ешқандай шара қолданған жоқ» – дейді ауылдықтар.