
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Батыс Қазақстан облысында жекеменшік балабақшада еңбек еткен бұрынғы қызметкер жұмыс берушімен арадағы дауды сот арқылы шешіп, өз пайдасына үкім алды, деп хабарлады qandastar.kz.
Қазталов аудандық сотының мәліметінше, «Айшабибі» жеке балабақшасының бұрынғы әдіскері жұмысынан заңсыз босатылғанын айтып, сотқа жүгінген. Ол сонымен қатар жалақының бір бөлігі төленбегенін, зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарналары уақытылы аударылмағанын, сондай-ақ салықтық берешек пен іссапар шығындары өтелмегенін көрсеткен.
Тараптар арасындағы еңбек дауы медиативтік тәртіпте шешілді. Алдын ала тыңдалым кезінде олар өзара келісімге келіп, медиативтік келісім жасасу туралы өтініш білдірді.
Келісімге сәйкес, балабақша иесі 2026 жылдың сәуір айына дейін 400 мың теңге өтемақы төлеуге, жұмыстан шығару туралы бұйрықты жоюға, және сондай-ақ 2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың маусымына дейінгі барлық міндетті төлемдерді (зейнетақы, медициналық және салықтық аударымдарды) толық өтеуге міндеттелді.
Сот медиативтік келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты. Алайда шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.