Батыс Қазақстан облысында туысын өлтірді деген айып тағылған Жәнібек ауданының тұрғынына қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға бірге ішімдік ішіп отырған кезде болған. Айыпталушы мен оның туысы арасында жанжал туындап, соның салдарынан күдікті ас үй пышағымен жәбірленушіге бірнеше рет соққы жасаған. Сараптама дерегіне сәйкес, марқұмның мойнына, бетіне, кеуде тұсы мен іш қуысына кемінде 15 пышақ жарақаты салынған. Бұған қоса, оған қолымен және шынтағымен бірнеше рет соққы бергені айтылған.
Алған ауыр жарақаттарының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған. Айыптау тарапының мәліметінше, қылмыстың ізін жасыру мақсатында мәйіт үйдің артындағы қоқыс шұңқырына көмілген.
Мемлекеттік айыптаушы сот отырысында қылмыстың ерекше қатыгездікпен жасалғанын атап өтіп, жарақаттардың өмірлік маңызды мүшелерге бағытталғанын және мәйітті жасыру әрекетін ауырлататын мән-жай ретінде көрсетті.
Қазіргі уақытта іс БҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралуда. Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша айып тағылған.
Сот талқылауы жалғасып жатыр. Заңға сәйкес, адамның кінәсі тек заңды күшіне енген сот үкімімен ғана анықталады.



