65 мыңға жуық жазылушысы бар Instagram блогері НурилаАманбаева әлеуметтік желі қолданушылардың ашуын туғызды. Ол TikTok-та жариялаған видеосында есту қабілеті төмен таксисті видеоға түсіріп, қатты дауыстап ән айтып, баласына «айқайлауға болады» деп айтқан сәті жұрттың наразылығын тудырды, деп хабарлады qandastar.kz.
Желі қолданушылары блогердің әрекетін мазақ және эмпатияның жоқтығы деп бағалады.
Видео көп ұзамай TikTok-тан өшірілгенімен, жазбаның көшірмесі Threads желісінде тарап, вирусқа айналды.
Көпшілік Аманбаеваның мұндай әрекетін қоғамдық әдеп пен этикаға қайшы деп сынға алып, блогерден кешірім сұрауды талап етті.
Желіде шу көбейгеннен кейін Нурила Аманбаева түсініктеме беріп, «егер біреудің көңіліне тисе, кешірім сұраймын, бұл жай қалжың еді» деп мәлімдеді.
«Бұл видеоны түнде жарияладым, бірнеше сағаттан кейін оны өшірдім, себебі мұндай видеоны жариялау дұрыс емес екенін түсіндім. Барлығынан кешірім сұраймын. Бұдан былай мұндай қайталанбайды», — деді блогер.