Жаңалықтар
Боди массаждан 1,5 миллиард теңге тапқан: Қазақстандық әйелдің мүлкі тәркіленді

Фото: depositphotos.com
Боди массаж салонын ашқан қазақстандық әйелдің 1,5 миллиард теңге мүлкі тәркіленді, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді. Оның айтуынша, белгісіз азаматша боди массаж қызметтері көрсетілген СПА-орталық ашқан.
«Әйел жеңгетайлық үшін сотталды, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекет кірісіне 114 миллион теңге тәркіленді», – деді Жеңіс Елемесов.
Агенттік өкілінің айтуынша, қаржылық жағы мұқият зерттелген кезде, аталған азаматшаның қол астында 15 қыз жұмыс істегені анықталған. Олар күніне 3-4 клиентке қызмет көрсеткен. Қызмет құны орта есеппен 30 мыңнан 150 мың теңгеге дейін болған.
«Орта есеппен екі жыл ішінде оның қылмыстық жолмен тапқан табысы 2 миллиард теңгеден асуы тиіс еді. Осыған байланысты біз тергеуді бастап, 1,5 миллиард теңгеден астам сомадағы активтерін анықтадық. Олардың қатарында пәтерлер, коммерциялық нысандар мен люкс автокөліктер бар», – деді Елемесов.
Оның айтуынша, әйел қаражаттың бір бөлігін әйел ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып, қайта сатумен айналысатын бизнес-жобаға салып үлгерген. Осы жобадан да табыс тапқан.
«Бұл қаражаттың барлығы есепке алынып, нақты көлемі анықталды. 1,5 миллиард теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынып, мемлекет кірісіне тәркіленді», – деді агенттік төрағасының орынбасары.
Еске салсақ, бұған дейін ішкі істер министрі боди массаж бен kyzdar.net сайтының жұмысы туралы пікір білдірген еді.