Басты жаңалықтарБілімЖаңалықтар

Болашақ бірінші сынып оқушыларының басым бөлігі қазақ тілін таңдаған

Қазақстанда жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қазірдің өзінде олардың 320 мыңға жуығы бірінші сыныпқа қабылданып үлгерген. Бұл — жоспарланған көрсеткіштің шамамен 84%-ы.

Қабылданған оқушылардың басым бөлігі мемлекеттік мектептерде оқиды. Олардың саны 296 мыңға жуық болса, тағы 23 мың бала жекеменшік мектептерге барған. Қалалық мектептерге шамамен 191 мың, ауыл мектептеріне 128 мың оқушы қабылданды.

Бір қызығы, болашақ бірінші сынып оқушыларының басым бөлігі білім алатын тілі ретінде қазақ тілін таңдаған. 71%-дан астамы қазақ тіліндегі, 26%-дан көбі орыс тіліндегі сыныптарға қабылданған. Тағы шамамен 2,5%-ы басқа тілдерде білім алатын сыныптарды таңдаған.

Қазақ тіліндегі сыныптарға өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы да қабылданды.

Бірінші сыныпқа қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Ата-аналар құжаттарын мектепке барып тапсыра алады немесе уақыт үнемдеп, eGov.kz порталы мен eGov Mobile арқылы онлайн өтініш бере алады. Қазірдің өзінде өтініштердің 84%-ға жуығы электронды түрде түскен.

Бірінші сыныпқа баратын балалар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр — мұнда 50 мыңнан астам оқушы күтіледі. Одан кейін Алматы облысы (35 мыңнан астам), Астана (33 мың), Алматы (31 мыңнан астам) және Шымкент (29 мыңнан астам) келеді.

Министрлік ата-аналарға құжаттарды соңғы күнге қалдырмай, қабылдау рәсімін уақытында аяқтауға кеңес беріп отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button