Демалыс күндері журналист Вадим Борейко, қоғам белсендісі Санжар Боқаев және журналист Асхат Ниязовтың Instagram желісіндегі аккаунттарына қатысты күмәнді жағдайлар орын алды, деп хабарлайды qandastar.kz
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бұл оқиғаға назар аударып, Борейко мен Боқаевтың парақшалары бос қалғанын айтты. stan.kz жазуынша, әсіресе Санжар Боқаевтың аккаунты сырттан қол сұғушылықтың кесірінен өшірілген болуы мүмкін.
Вадим Борейко да Facebook-тегі жазбасында сенбі күні Instagram-парақшасындағы барлық жарияланымдардың бір мезетте жойылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, аккаунтқа кіру мүмкіндігі бар, бірақ контенттің бәрі жоғалып кеткен. Журналист мұндай жайттың бұған дейін TikTok-та да болғанын еске салды. Ал соңғы айларда Instagram мен Facebook оның кейбір жазбаларын “ереже бұзды” деген себеппен жиі алып тастап келген.
Асхат Ниязовтың парақшасы да қолжетімсіз күйге түскен. Бұған дейін ол бірнеше рет әлеуметтік желіде бұғаттауға ұшыраған еді. Күзде Алматы әкімдігімен даулы жағдайдан кейін полицияға жеткізілгені де белгілі.
Ал Санжар Боқаев соңғы жылдары жемқорлық фактілерін әшкерелейтін контентімен танылып, утиль алымына қатысты өткір пікірлерімен көпшілікке мәлім болды. Белсендінің Instagram-парақшасындағы барлық жазба да осы демалыс күндері жоғалып кеткен.