ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Бозымбаев Қызылордада күріш алқабы қысқаруы мүмкін екенін жеткізді

Вице-премьер Қанат Бозымбаев су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен бірге Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы primeminister.kz ресми сайтына сілтеме жасап. 

Олар фермерлермен келесі вегетациялық маусымға дайындық барысын талқылады. Басқосуда егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және Сырдария өзені бассейніндегі қалыптасқан су тапшылығы мәселесі көтерілді.

Қауіп бар: су көлемі күрт төмендеді
Нарын-Сырдария каскадына келетін су көлемі айтарлықтай азайып отыр. Бұл келесі жылы вегетациялық кезеңде судың жетіспеушілігін тудыруы мүмкін. Осыған байланысты Су ресурстары министрлігі су қоймаларының жұмыс режиміне арналған бірнеше болжамдық сценарий әзірлеген. Су тым аз болған жағдайда ресурстарды қайта бөлу және лимиттерді түзету қарастырылатын болады.

Егістікті оңтайландыру: күріш 70 мың гектардан аспайды
Су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығы министрлігі ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін қысқартып, орнына құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Үкіметтің шешімімен Қызылорда облысында 2026 жылы күріш алқабы 70 мың гектардан аспауға тиіс.

Соған қарамастан өңірде өнімділік өсіп келеді, 2024 жылы 85 мың га алқаптан -58 ц/га, 2025 жылы 80 мың га алқаптан  58,1 ц/га өнім алынған. Бұл — жаңа сұрыптар мен заманауи техниканы енгізудің нәтижесі.

Облыста су үнемдеу әдістерін қолданатын алқаптар ұлғайып келеді. Биыл 60 мың гектар күріш алқабы лазерлік тегістеуден өтті, бұл суды 20%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ел бойынша су үнемдеу технологиялары 500 мың гектардан астам жерде қолданылады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,3 млн гектарға жеткізілмек. Үкімет бұл бағытқа субсидия көлемін де арттырды. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте қаржыландыру көлемі 215 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

«Үнемдеу технологиялары міндетті элемент болу керек»
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, алдағы маусымда жоғарыдан келетін су көлемі күрт төмендеуі ықтимал.

«Ондай жағдайда су үнемдеу технологиялары тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдарымен қатар өсімдік шаруашылығының міндетті элементі болуы тиіс», — деді ол.

Ол облыс әкімдігіне ғылыми ұйымдармен бірлесіп, кемінде 100 гектар аумақта инновациялық препараттарды сынақтан өткізіп, жергілікті бюджет есебінен қолдау көрсетуді тапсырды.

Биллинг жүйесі енгізілуде 
Кездесуде фермерлерге су пайдаланудың толық циклін қамтитын цифрлық биллинг жүйесі таныстырылды. Жүйе өтінім беруден бастап, нақты тұтынуды өлшеу және төлем жасауға дейінгі барлық процесті біріктіреді. Бұл суды бөлу мен есеп жүргізуде ашықтықты қамтамасыз етеді.

Вегетациялық кезеңге дейін фермерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. «Қазсушар» мекемесіне лимитті қатаң сақтай отырып су беру шарттарын жасау және құқық қорғау органдарымен бірге «қара су нарығына» қарсы күресті күшейту тапсырылды.

 Егістік құрылымы  1 наурызға дейін нақтыланады
Су шаруашылығындағы жағдай өзгерген жағдайда Су ресурстары министрлігі келесі жылғы лимиттерді 2026 жылдың 1 ақпанына дейін, ал ауыл шаруашылығы министрлігі ылғалды көп қажет ететін дақылдардың құрылымын 1 наурызға дейін қайта бекітуі тиіс.

Бұл шаралар Сырдарияның төменгі ағысында төтенше жағдай туындауына жол бермеуді және өңірдің агросекторын су тапшылығы жағдайында тұрақты жұмыс істеуге бейімдеуді көздейді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button