ЖаңалықтарМәдениет

«Братаннан аса алмайды»: Заңгер режиссерлердің бандиттік романтикаға байланып қалғанын айтты

Қазақстандық заңгер Ержан Есімханов жаңа «Munai» сериалына байланысты пікір білдіріп, отандық кино саласының әлі күнге дейін тоқсаныншы жылдардың қылмыстық эстетикасына байланып қалғанын қатты сынға алды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады.

Есімхановтың айтуынша, сериал техникалық жағынан сапалы түсірілгенімен, ол мұндай контентті ары қарай көргісі келмеген.

«Сериал өте жақсы түсірілген. Шынайы, актерлері мықты. Бірақ мен бұны одан әрі көрмеймін. Өйткені тоқсаныншы жылдардағы қақтығыстардың  лас эстетикасын өмір бойы көрдік. Тағы да соны тамашалауға құлқым жоқ», — деді ол facebook парақшасында.

Заңгердің айтуынша, тоқсаныншы жылдардағы қылмыстық субмәдениет тарих сахнасынан әлдеқашан кеткенімен, оның ізі қоғамның тілі мен мінезінде әлі сақталып отыр.

«Ол уақыт отыз жыл бұрын болды, аз ғана кезең еді. Көпшілігі өте ауыр аяқталды. Бірақ біздің қоғам сол дәуірдің тілін, мінезін, бейнесін бойына сіңіріп алды. Кеңседе отырған адам да өзін бандит сияқты ұстайды. Жолда  әр екінші адам көше бұзақысы сияқты», — деді Есімханов.

Заңгер отандық режиссерлердің бандиттік романтиканы қайта-қайта жандандырып, бірсарынды сюжеттерге орала беретінін сынға алды. Ол «Рэкетиры», «Сержан братан», «Нулевые», «Сакура», «Коба» және басқа да жобалардың қоғамға жаңа мазмұн бермей жүргенін атап өтті.

Ал соңғы жылдардағы ең шынайы әрі ойлы туынды ретінде «Молда» фильмін атады.

«Бұл — тоқсаныншы жылдармен қоштасуды көрсететін кино. Өмірінің мәнін жоғалтқан бұрынғы «авторитеттің» жанайқайы, жаңа жол іздеуі, міне, шындыққа жақын осы», — деді заңгер.

Есімханов өз сөзін болашақ ұрпаққа мұндай мазмұнды жеткізудің қажет еместігін айтып түйіндеді.

«Балаларыммен бірге бірде-бір қазақстандық бандиттік фильм көрмеймін. Мен ол өмірді кинодан тыс та көп көрдім. Оны келесі ұрпаққа жеткізгім келмейді. Біз өткенді қайта-қайта қозғаумен емес, алға жылжумен айналысуымыз керек», — деді ол.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button