Әлем жаңалықтары
Бүгіннен бастап Ресейге кіру тәртібі өзгереді

Фото: Даланьюс
Бүгін, 30 маусымнан бастап, Ресей шетел азаматтарының мемлекеттік шекара арқылы кіруі мен шығуына қатысты жаңа ережелер бойынша экспериментті барлық өткізу бекеттерінде іске қосты, деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Енді Ресейге виза қажет емес елдердің азаматтарына, соның ішінде қазақстандықтарға, елге кірмей тұрып алдын ала Бірыңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесінде тіркеуден өту және ruID мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде кіретіндігі туралы өтінім беру ұсынылады.
«ruID қосымшасы арқылы Ресей Федерациясына кіру туралы өтінімді толтыру – ерікті сипатқа ие екенін ескертеміз», – деп хабарлаған болатын бұған дейін Ресейдің Қазақстандағы елшілігі.
Кіру туралы өтінімді толтырмау шекаралық бақылаудан өтуге кедергі келтірмейді. Алайда Қазақстан азаматтарына ruID қосымшасын пайдалануға кеңес беріледі, себебі ол Ресей аумағында бірқатар қосымша мүмкіндіктерге жол ашады:
— қолжетімді мемлекеттік қызметтерді онлайн алу;
— ресейлік SIM-карта рәсімдеу;
— айыппұлдарды, салық берешектерін және мемлекеттік алымдарды төлеу.
Жаңа ережелерге сай, кіру туралы өтінім алдын ала – сапарға кемінде 72 сағат бұрын және 90 күннен ерте емес мерзімде берілуі тиіс.
Шұғыл жағдайларда – мысалы, туыстың ауырып қалуы немесе қайтыс болуы секілді ерекше мән-жайлар туындаса, өтінімді 4 сағат ішінде рәсімдеуге болады. Ол үшін ерекше жағдайды растайтын құжаттар ұсынылуы керек.