Жаңалықтар
Былтырғы бюджет есебіне 14 депутаттың көңілі толмай, қарсы дауыс берді
Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын қабылдады,-деп хабарлайды Qandastar.kz
Талқылау кезінде Сенат депутаттары, Мәжілістің «Ауыл», Respublica, Amanat партияларының фракциялары Үкімет есебін бекітуді қолдады.
Ал «Қазақстан халық партиясының», «Ақжол» партиясының фракциялары есепті қабылдаудан бас тартатынын мәлім етті.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясы дауыс беруден қалыс қалды.
Дауыс беруге қатысқан депутаттардың ішінде Мәжілістің 14 депутаты Үкімет есебін қабылдаудан бас тартып дауыс берді.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, 2023 жылы жалпы ішкі өнім 5,1% өскен. Жылдық инфляция деңгейі 2 есе төмендеп, 9,8% көлемінде тұрақталған.
Жалпы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,6%-ына тең болған.
Мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің22,8%-ына жеткен.
Республикалық бюджеттің кіріс жоспары 99,9% орындалып, бюджетке 19 трлн теңге түскен. Ал шығыс жоспары 99,6% атқарылып, 22,4 трлн теңге болған.
Игерілмеген қаражат — 73 млрд теңге.
Ұлттық қордың активтері 13,4% ұлғайып, 60 млрд долларға жеткен. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану көлемі 489 млрд теңге болған.