Жаңалықтар
Быртырғы тасқын сынақ болды: Президент су тасқыны туралы пікір білдірді

Фото: Ақорда
Жалпы, өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғат апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда біз ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан әрі жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Президент “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында айтты, деп жазады qandastar.kz.
– Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тасқын Қазақстанда бұрын болмаған. Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді, олардың уақытша паналайтын орындары әзірленді, материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның және басқа да құрылымдардың қызметкерлері, жалпы саны 63 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Соның арқасында көптеген азаматты құтқарып, аман сақтап қалдық. Ең бастысы – осы.
Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік. Су тасқыны кезінде волонтерлер қозғалысының әлеуеті зор екенін көрдік. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер құтқарушыларға жәрдемдесті, гуманитарлық көмек ұйымдастырып, зардап шеккендерге қолдау көрсетті, — деді Президент.
Қарғын судың қарқыны шынымен де қатты болды: үйлер, жолдар, көпірлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар бүлінді, біраз мал қырылды. Бөгеттер мен гидротехникалық қондырғылар салуға ондаған жыл бойы жете көңіл бөлінгенде, апаттың салдары соншалықты ауыр болмас еді.