ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Cарапшы: Құрылтай 3 млрд доллар қосымша пайда әкеле алады

Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, болашақта бір палаталы парламент пен Құрылтай үлгісіндегі басқару жүйесі Қазақстан экономикасына жыл сайын шамамен 3 миллиард доллар көлемінде қосымша өсім бере алады. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz порталы. 

Сарапшының пікірінше, еліміз бір палаталы парламент жүйесіне көшкен жағдайда негізгі үш алғышарттың бірі автоматты түрде қамтамасыз етіледі. Ол — саяси және заңнамалық шешім қабылдау үдерісінің жеделдеуі. Ал қалған екі маңызды шарт — қабылданатын заңдардың сапасы мен олардың толық әрі тиімді орындалуын қамтамасыз ету  әлі де жүйелі түрде реттелуі тиіс.

Айбар Олжаев екі палаталы парламент жағдайында заң жобалары Мәжілістен өткен соң Сенаттың сүзгісінен қайта өтіп, кейде баяулайтынын немесе кері қайтарылатынын атап өтті. Ал бір палаталы модельде заң қабылдау циклі айтарлықтай қысқарып, бұл экономиканың бірқатар секторына тікелей әсер етеді.

Экономист әсіресе инвесторлар үшін уақыттың аса маңызды ресурс екенін атап өтті. Оның айтуынша, егер мемлекет реформаларды тез бекітіп, нормативтік-құқықтық базаны жедел жаңарта алса, бизнес ортадағы «күту кезеңі» қысқарады. Бұл инвестициялық шешімдердің жылдам қабылдануына, жобалардың ертерек іске қосылуына және өндіріс циклінің қысқаруына ықпал етеді.

Сарапшы заңнамалық өзгерістердің жылдамдығы салық саясаты, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік сатып алу, тарифтік реттеу және қаржы нарығын дамыту сияқты салаларда ерекше маңызды екенін айтты. Егер құқықтық өзгерістер бірнеше айдың ішінде рәсімделсе, экономиканың бейімделу қабілеті артады.

Алайда Айбар Олжаев заң қабылдауда жылдамдық сапамен қатар жүруі тиіс екенін ескертеді. Оның пікірінше, ойластырылмай қабылданған заңдар нормативтік тұрақсыздыққа әкеліп, бизнес үшін тәуекелді күшейтуі мүмкін. Инвесторлар үшін ең қауіпті фактор — ережелердің жиі өзгеруі.

Экономистің бағалауынша, институционалдық реформалар дұрыс жүзеге асқан жағдайда ішкі жалпы өнімнің өсімі қосымша 1 пайызға артуы мүмкін. Бұл ақшалай есептегенде жылына шамамен 1,5 трлн теңге немесе 3 млрд долларды құрайды. Егер қазіргі орташа өсім 4% деңгейінде болса, тиімді реформалар нәтижесінде 5% және одан жоғары көрсеткішке шығуға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, ол бір палаталы жүйеде мемлекеттік аппараттың жауапкершілігі мен бақылау тетіктерін күшейту аса маңызды екенін атап өтті. Тәуелсіз аудит, қоғамдық бақылау және парламенттік тыңдаулар әлсіресе, экономикалық ресурстардың тиімсіз бөліну қаупі артады.

Қорытындылай келе, Айбар Олжаев Құрылтай үлгісіндегі жүйе Қазақстан экономикасы үшін екі сценарий ұсынатынын айтты. Бірінші жағдайда  реформалар жедел жүріп, инвестиция өсіп, экономика 5% және одан жоғары деңгейге көтеріледі. Ал екінші сценарийде  шешімдердің асығыс қабылдануы институционалдық тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін.

Экономистің пікірінше, мәселе басқару жүйесінің формасында емес, оның ішкі мәдениетінде. Яғни талқылау, сараптама, бақылау және жауапкершілік қатар жұмыс істеген жағдайда ғана Құрылтай экономика үшін нақты үдеткіш факторға айналады.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button