Климат өзгерісінің бір себебі – өндірістің дамуы. Өндіріс орындарынан, әсіресе мұнай-газ химия саласындағы кәсіпорындардан бөлінетін зиянды шығындылар ауаны ластап ғана қоймай, экологияға едәуір зиян тигізіп отыр. Кейінгі жылдары Қазақстан билігі осы мәселені шешу мақсатында өндіріске арналған экологиялық стандарттарды қайта бекітуге көшті. Бұған Париж келісімінің қандай ықпалы бар? Энергетика саласындағы зауыттар мен кәсіпорындарда зиянды шығындыларды азайтудың қандай моделі қолданылмақ? Осы орайда аталған сауалдарға қатысты сарапшы пікірін біліп, тақырыпты жан-жақты сараптауға талпындық.
Әлемдегі үлес – 0,6%
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда атмосфераға таралған зиянды шығындылардың көлемі 2,3 млн тоннаны құраған. Оның ішінде күкіртті ангидрид – 785,5 мың тонна, көміртек тотығы – 432,4 мың тонна, азот тотығы – 307,5 мың тонна. Бұл көрсеткіш Орталық Азия мемлекеттеріне қарағанда анағұрлым жоғары әрі елдегі экологиялық ахуалдың нашарлап келе жатқанын көрсетеді. Мысалы, EDGAR базасының деректеріне сенсек, өткен жылы жаһандық парниктік газ шығарындыларының 1,3%-ы (53,2 млрд тонна) осы аймақтан шыққан, мұнда да көп бөлігі (0,62%-ы) Қазақстанға тиесілі.
Сондықтан экологтар зиянды шығындылардың басты көзі – өндірісті қадағалауды ұсынып келеді. Себебі ауаға таралған парниктік газдардың 75,7% -ы энергетикалық сектордан шығып жатыр. 1988 жылы БҰҰ-ның атсалысуымен Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы құрылған шақта аталған мәселе шешілетіндей үміт болған. Алайда уақыт өте олқылық түзелмеді. Кейін 2015 жылы халықаралық Париж келісімі қабылданып, онда жаһандық жылынуды мүмкіндігінше 1,5 °C деңгейінде ұстап тұру қарастырылған.
Қазақстан Париж хаттамасына келіскен 194 елдің қатарында. Париж хаттамасы аясында еліміз 2060 жылға дейін парниктік газдардың таралуын 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға азайтуға міндетті. Ол үшін екі бағыттағы жұмыс басымдыққа ие болмақ. Ол үшін өндірістегі зиянды шығындыларды азайту және жаңартылған энергия көздерін ұлғайту назарда болады.
Эколог-практик, тұрақты даму және ESG саласының сарапшысы Лаура Сейілбектің айтуынша, Қазақстанның 2060 жылға дейінгі жоспары негізінен мұнай-газ саласына бағытталған. Болашақта өзгерістің басым бөлігі осы салада орын алуы ықтимал.
– Париж келісімі аясында мұнай-газ саласы түбегейлі өзгеретін сыңайлы. Алдағы уақытта бұл бағытқа арналған ұзақмерзімді инвестициялық жоспарлардың (CAPEX) талабы қатаңдайтын болады. Атап айтқанда, жыл сайын квоталар азаяды, көміртегі бағасы өседі. Компаниялар далалық жердегі нысандарды біртіндеп электрлі модельге көшіруге, шығарындыларды кәдеге жарату мен оларды сүзу жобаларыy көбейтіп, ескірген техникалық парктерін жаңартуға мәжбүр. Мұның бәрі компаниялардың «төмен көміртекті» стратегиясына, ұзақмерзімді бюджетіне әсер ететіні сөзсіз, – деді сарапшы.
Спикердің сөзінше, мұнай-газ саласындағы парниктік газ шығындыларын азайту үшін іске асатын жобаны толық компаниялардың өзі қаржыландырады. Мемлекет бағыт-бағдар беруші, жартылай субсидия тағайындаумен ғана шектелмек.
LDAR жүйесіндегі шикілік немесе неліктен метанның нақты көлемін болжау қиын?
Парниктік газ шығындыларын азайтудан бұрын, олардың нақты көлемін болжау маңызды. Қазір парниктік газға көмірқышқыл газы, метан, азот тотығы, фторлы көмірсутектер, перфторкөмірсутектер, күкірт гексафториді секілді химиялық элементтер жатады. Соның ішінде мұнай-газ саласында ауаға көп бөлінетін метанның нақты мөлшерін анықтау оңай болмай тұр.
ESG саласының сарапшысы Лаура Сейілбектің болжауынша, қазақстандық кәсіпорындарда ластаушы заттарды (CO₂, NOx, SO₂ және т.б.) анықтауға арналған әдістеме бар, олардың таралу коэффициенттері белгілі, өлшеу аспаптары орнатылған. Бұған қоса кезеңдік аспаптық бақылау жүргізіледі. Ал метанға келгенде мұндай ілгерілеу жоқ, сондықтан кәсіпорындар метанға қатысты нақты сандық деректерді ала алмай отыр.

– Неліктен метан шығарындыларын нақты біле алмай отырғанымызды түсіну үшін оның өндірістегі құрылымына көз салу қажет: мұнай-газ кәсіпорындарында метан біркелкі таралмайды, тұрақты өлшеу мүмкін емес. Нақты таралу уақытын дөп басатын аспаптар да жоқ, сол үшін метанның қашан бөлінгенін және ауада қашан сейілгенін табу қиын. Оған қоса желдің бағыты, қысым, вентильдің ашылу деңгейі секілді факторлар кедергі келтіруде.
Сондықтан шетелдік сарапшылар метан шығындылары туралы ақпарат тартқан кезде «метан шығыны анықталды», «қарқындылығы қалыпты», «оқшауланған», «жойылды» деп ғана көрсетеді. Ал оның қанша келі немесе тонна таралғаны көрсетілмейді, – деп толықтырды Лаура Сейілбек.
Бүгінде әлемдік тәжірибеде метан шығындыларын нақты есептеуге мүмкіндік беретін LDAR (Leak Detection and Repair) жүйесі бар. Сарапшы «Қазақстан бұл жүйені сәтті қолдану үшін не істеу қажет?» деген сауалға жан-жақты жауап берді. Айтуынша, аталған жүйемен мониторинг жүргізетін ұйымдар Қазақстанда тіркелу керек және ұлттық калибрлеу тізіліміне енген жабдығы болу шарт. Қазір елде мұндай талапқа сай келетін ұйымдар аз, басым бөлігінде метанды дәл зерттеуге арналған заманауи газ талдағыштар жоқ. Оның үстіне көптеген мұнай-газ саласындағы компаниялар толыққанды LDAR жүйесіне тұрақты қаржы бөлуге құлықсыз.
Мекемелердің ықылас танытпауына тексерістің тыңғылықты жүргізілетіні ықпал ететіндей. Мәселен, LDAR жүйесінде мониторинг толыққанды іске асады. Жабдықты тексеру және инспекциялық тексеріс жасау, тепловизионды түсірілім (IR-камералар) жасалады, яғни көзге көрінбейтін шығарындыларды анықтауға мүмкіндік бар. Газталдағыштар қолданылып, кәсіпорын аймағында метанның бар-жоғы туралы сапалы деректер алады. Қашықтан диагностикалау үшін дрондар, спектральді анализаторлар қолданылады.
– Практикада ірі кәсіпорындарды немесе халықаралық жобаларға қатысатын компаниялар ғана LDAR жүйесін таңдайды. Қалғаны Қазақстандағы парниктік газды анықтаудың негізгі құралына айналған есептеу әдісін қолданады. Есептеу әдісінде тек жағылған отынның көлемі, технологиялық коэффициенттер; жабдықтың паспорттық деректері, материалдық теңгерім деректері ғана есепке алынады, – деп қосты ESG саласының сарапшысы Лаура Сейілбек.
Қызығы, Қазақстанда парниктік газдарды анықтау үшін есептеу әдісі ресми бекітілген және мемлекет талап ететін талаптарға толық сәйкес келеді. АБА (автоматты мониторинг жүйелері) іс жүзінде қолданылмайды. Осыны ескерген көптеген кәсіпорын парниктік газдарды анықтау үшін есептеу әдісіне сүйенуде.
– 2024 жылы Қазақстан британдық мамандар мен «Шеврон» компаниясымен бірге халықаралық пилоттық жобаны іске асырды. Жоба бойынша, шетелдік мамандар елдегі мұнай-газ нысандарындағы метан шығындыларын анықтау үшін тегін мониторинг жүргізуі тиіс еді. Ол үшін замануи жабдықтарды пайдалану арқылы қашықтық және жерүсті диагностикасын жасап, метан шығындылары таралуы мүмкін аймақтарды анықтауға уағдаласқан. Алайда компаниялардың едәуір бөлігі жобаға қатысудан бас тартты, себебі мұнай-газ объектілері стратегиялық маңызы бар санатқа жатады, ал шетелдік инспекторларға рұқсат беру әрдайым мүмкін емес. Сонымен, 2024 жылдың қыркүйегіне қарай пилоттық жоба тоқтады, – деді Лаура Сейілбек.

Ал Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің директоры Олжас Ағабековтың айтуынша, CO₂ шығарындыларын азайту үшін CCUS технологиясын қолдануды ұсынуда.
– Зерттеулер көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін CCUS технологияларын қолдану қажет екенін көрсетті. Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу Доктринасына сәйкес, CCUS технологиясын қолдану жылу энергетикасындағы CO₂ шығарындыларын 107,6 Мт, өнеркәсіпте 13,07 Мт қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ болат өндірісіндегі шығарындыларды 60%-ға, алюминий өндірісіндегі шығарындыларды 35%-ға, цемент өндірісіндегі шығарындыларды 48%-ға қысқартуға мүмкіндік береді, – деді Олжас Ағабеков.
Жылына 20 000 тонна СО₂
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің редакцияға берген мәліметіне сүйенсек, Үкімет мұнай-газ кәсіпорындардағы парниктік газ шығындыларын азайту мақсатында Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттерінің озық технологияларын пайдалануға ниетті.
«Парниктік газ шығарындысын азайту үшін Шығарындылар саудасының ұлттық жүйесі (ШСЖ) әзірленді. Бүгінде ШСЖ барлық ұлттық шығарындылардың шамамен 43%-ын қамтиды. Экономиканың электр энергетикасы, мұнай-газ кешені, металлургия, тау-кен және химия өнеркәсібі, сондай-ақ цемент, әк, гипс және кірпіш өндіру бөлігінде өңдеу өнеркәсібі секілді секторларда қолданылады.
Қазір жылына 20 000 тонна СО2 эквивалентінің шығарындылары шекті мән ретінде пайдаланылады, оған сәйкес қондырғылар бес жылдық кезеңге арналған көміртегі квоталарының Ұлттық жоспарына енгізіледі.
Сондай-ақ Жапония Үкіметімен кредиттеудің бірлескен механизмі бойынша ынтымақтастық туралы және Корея республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен Париж келісімінің 6-бабын іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды», – деп мәлімдеді ведомство.
Әлемде кәсіпорындардағы көміртек ізін азайту үшін шығарындыларды квоталау жүйесі қолданылады. Бұл – Еуропалық Одақ, Қытай, Жапония және басқа мемлекеттерде қолданылатын климаттық саясаттың әлемде мойындалған құралы.
Мысалы, елдегі ірі өндіріс орындарына меншік құқы бар «ҚазМұнайГаз» АҚ да осы жүйеге сүйенуде. Қазір ҚМГ компаниялар тобының бірқатар еншілес ұйымы ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес квоталанатын қондырғылар санатына енгізілген. Компания өкілдерінің сөзінше, парниктік газ шығарындыларына квоталар саудасының ұлттық жүйесі қатаң сақталады және мониторинг, есептілік және тәуелсіз верификация (MRV) жұмыстары жүйелі жүруде.
Бұл орайда «ҚазМұнайГаз» тақырыпқа қатысты бірқатар ескертпені айтты. Мекеменің жауабында ұлттық квотаны бөлуге қатысты ұстанымын жеткізген болатын.
«Квоталарды бөлуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету маңызды. Сондай-ақ саланың кейбір сегменттерінің технологиялық ерекшеліктерін ескеру керек. Мұндай тәсіл төмен көміртекті технологияларды енгізуге қосымша ынталандырып, көміртек ізін азайту бойынша стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді.
Сонымен қатар ұлттық квотаны бөлу жоспарына тек энергетика, мұнай-газ, тау-кен, металлургия және химия салалары енгізілген, олардың үлесіне елдегі парниктік газ шығарындыларының шамамен 42%-ы тиесілі. Сондықтан реттелмейтін секторларды (көлік, ауыл шаруашылығы, қалдықтарды басқару, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы) ұлттық квота сауда жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу орынды деп санаймыз», – делінген компания жауабында.
Қазір компания Vema S.A. (Швейцария), Carbon Limits (Норвегия) және Халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC) метан менеджменті саласында ынтымақтастықты дамытып келеді. Бұдан бөлек SOCAR (Әзербайжан), «Татнефть» (Ресей, Татарстан) және «Өзбекнефтегаз» (Өзбекстан) компанияларымен төмен көміртекті даму саласында тәжірибе алмасуға бағытталған төртжақты келісімге келген.

Париж келісімінен Ұлттық айқындалған үлеске дейін
Жоғарыда әлем елдері Париж хаттамасына келісіп, көмірқышқыл газының көлемін азайту міндеттемесін алғанын айтты. Соған сәйкес 2030 жылға дейін ЕО – 55%-ға, АҚШ – 50%-ға пайызға азайтуы тиіс, ал 2060 жылы Қытай, 2070 жылы Үндістан көміртексіз экономикаға көшуге уәде етті. Қазақстан 2060 жылы көміртегіден бейтарап елге айналамыз деген жоспар түзді,
Назарбаев университетіндегі экология жүйесі зертханасының жетекшісі, профессор Вуджин Лидің айтуынша, 2025 жылға дейін барлық мемлекеттер өздерінің ұлттық деңгейде анықталған үлестері туралы есебін өткізуге тиіс еді. Алайда іс жүзінде аталған елдердің 10 пайызы ғана климат туралы есеп берген.
– Париж келісімі ерікті түрде ғана орындалады. Ешқандай мәжбүрлеу, қатаң реттеу немесе нақты ереже, белгілі бір санкция да, мақсатқа жеткендерді ынталандыру да жоқ. Осы себепті күткен нәтижеге қол жеткізу өте қиын. Бұл – Париж хаттамасының оңай орындалмауының бірінші себебі. Екінші себебі – қаржы тапшылығы. Дамыған елдер бөлетін қаражат грантқа негізделуге тиіс еді. Бірақ іс жүзінде ол көбінесе қарыз түрінде беріледі. Сондықтан дамушы елдер табиғатты қорғау бойынша жобалар жасағысы келсе, қарыз алуға мәжбүр, – деді Вуджин Ли.
Расында, қаржыландыру парниктік газ шығындыларын азайтудың негізгі мәселе болу мүмкін. Есте болса, өткен жылы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы 78 елдің «Ұлттық деңгейде айқындалатын салымдарын» (ҰДАС) талдады. Сол кезде елдерге жобаны жүзеге асыру үшін 2030 жылға дейін шамамен 5.8 триллион АҚШ доллары қажет екені көрсетілген.
Қазақстанға да қаржы тапшылығы парниктік газ шығындыларын азайтуға қолбайлау болуы ықтимал. Мысалы, Қазақстанға 2035 жылға қарай шығарындыларды 15%-ға қысқарту үшін 90 млрд АҚШ доллары, 20%-ға қысқартуға 104 млрд АҚШ доллары қажет. Халықаралық қаржы ұйымдары (ADB, EBRD) Қазақстанға 2030-2035 жылдарға дейінгі мерзімге жасыл және гендерлік жобаларға 250 млн АҚШ долларын ғана бөлмек.
Балама жолдың бірі – ерікті көміртегі нарығы (VCM). «Астана» халықаралық қаржы орталығының ақпаратына сүйенсек, бұл нарықтан түскен қаржының бір бөлігі жетілдірілген технологиялар арқылы өндірістік процестердің шығарындыларын азайтуға бағытталады.
Айта кетерлігі, Қазақстанда климаттық өзгерістерді тежеуге қос құжат бар. Біріншісі, 2060 жылға дейінгі стратегия. Бұл – әлгінде айтқан 2060 жылған дейінгі көміртекті бейтараптылығына қол жеткізудің стратегия құжаты. Мұнда декарбонизациялау бағыты басымдыққа ие.
Екіншісі, Қазақстанның жаңартылған ұлттық үлесінің (ҰДАҮ). Құжат әр 5 жыл сайын жаңарып тұрады, кейде мемлкеттің ұстанымына қарай толықтыру енетін кезі де жоқ емес. Қазақстан 2 жыл бұрын құжатқа өзгеріс енгізген болатын, кейінгі түзету биыл аяқталды. Енді жыл аяғына дейін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы хатшылығына жіберілуі шарт. Қазіргі уақытта ҰДАҮ 3.0 әзірленіп, ҚР Үкіметінің Аппаратына енгізілген.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сенсек, жаңа ҰДАҮ 3.0 аясында 2035 жылға қарай парниктік газдардың таза шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 17%-ға төмендету (шартсыз) және халықаралық қолдау болған жағдайда 25%-ға дейін төмендету көзделген.
«ҰДАҮ 3.0 жобасы бойынша энергетика секторында электр энергиясын өндірудің үлесін 2035 жылға қарай 35%-ға дейін жеткізе отырып, төменкөміртекті және өтпелі генерацияның қуатын арттыру жоспарланды. Сонымен қатар ғимараттар және қала құрылысында жылу оқшаулауды жақсарту және жылу шығынын азайту мақсатында тұрғын үйлерді жаңғырту қарқын алмақ.
Ал көлік саласында электромобильдерді сатып алуға ынталандыруды кеңейту, Еуро-5 және Еуро-6 стандарттарын енгізілетін болады. Ауыл шаруашылығында тозған жайылымдарды қалпына келтіру, органикалық егіншілікке көшу, қалдықтар саласында коммуналдық қалдықтардың түзілуін біртіндеп қысқарту мақсаты бар. Оған қоса 2035 жылға қарай қайта өңдеу деңгейі кемінде 40%-ға жетеді», – делінген министрліктің жауап-хатында.
Бұл жалғыз құжат емес. Жақында Қазақстанда көміртек бейтараптығына қол жеткізуді реттейтін ұлттық стандарттар қабылданды. Онда парниктік газдар шығарындыларын басқарудың екі жаңа ұлттық стандарты әзірленген. Әзірге белглісі, ұлттық MRV (бақылау, есептілік және валидация) жүйесі халықаралық тәжірибелерге ыңғайластырылады және өнеркәсіпте төмен көміртекті технологиялар мен инновациялар енгізілмек.
2060 жылғы көміртегі бейтараптығына дейін әлі 35 жыл болса да, сарапшылар меженің орындалуына күмәнмен қарайды. Су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі Орталық Азия платформасының үйлестірушісі Болат Есекиннің айтуынша, энергетика саласындағы шығарындыларды азайту жөніндегі мемлекеттік жобалардың тиімділігі өте төмен.
– Қазақстанда экологиялық ережелер босаң, жасыл экономика және SDG, BAT, таксономия, шығарындыларды саудалау секілді салаларда нәтиже аз. Өзге мемлекетте аталған тетіктер арқылы жемісті қадамдар жасалуда. Қазақстанда ірі корпорациялар Үкімет пен парламентке ықпал ету арқылы экологиялық ережелерді тиімсіз етуге көшті. Мысалы, Екібастұздағы электр станциясының іске қосылуы және көмірмен жұмыс істейтін жаңа жылу электр станцияларының құрылысының басталуы қазірдің өзінде елдің климатқа қатысты барлық міндеттемелерін бұзып отыр. Ағымдағы экономикалық және экологиялық саясат сақталатын болса, Қазақстан климатқа қатысты міндеттемелерін орындай алмайтыны сөзсіз, – деді Болат Есекин.

Эколог-сарапшы елдегі парниктік газдарды азайтудың үш амалын айтты. Алдымен ластану мен табиғи ресурстарды пайдаланудың жаһандық климаттық-экологиялық стандарттарын енгізу қажет. Екіншіден, жаһандық климаттық-экологиялық салықты енгізу орынды. Үшіншіден, CBAM – ЕО шекаралық климат салығы жетілдіру маңызды.
Орталық Азия, әсіресе Қазақстан парниктік газ шығындыларымен күресу үшін декарбонизация үрдісін бастады. Реті келгенде экология, су ресурстары мен орнықты даму саласындағы сарапшы Болат Есекинге «декарбонизацияның климатқа кері әсері болуі мүмкін бе?» деген сауал қойған болатынбыз.
– Декарбонизация тек «сұр» бизнес үшін ғана қауіпті. Халық үшін оң әсері мол, ауа мен ауыз судың сапасын жақсарады, құрғақшылық азаяды, су қоры көбейеді, бұған қоса жер құнары артады. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, мәжбүрлі көші-қон тоқтайды, өлім-жітім азайып, науқастардың саны кемиді. Беделді дереккөздерге сенсек, қалаларда көмір жағуды тоқтату ЖЭК саласында неғұрлым тиімді саналады.
Ал өнеркәсіптегі декарбонизацияға келсек, бұл тіптен жақсы. Энергия тиімділігін арттыру, ресурс сыйымдылығын қысқарту, тауарлар мен қызметтер бағасын төмендету, экологиялық таза өнімнің халықаралық нарықтарға сәйкестенуі және тұрақты жұмыс орындарын көбейту секілді бағыттарда ілгерілеу болады. Дегенмен, бизнестің басты мақсаты ресурстарды өндіру және сыртқа шығару болған жерде мұндай игіліктің экономикада көрініс беруі неғайбыл, – деп түйіндеді Болат Есекин.
Қазақстан – Орталық Азиядағы көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу стратегиясын әзірлеумен айналысатын алғашқы мемлекет. Өйткені, аймақтағы мұнай-газ химия саласындағы өндірістің басым бөлігі осында орналасқан әрі елге парниктік газ шығындыларының көп үлесі тиесілі. Сондықтан сарапшылар парниктік газ шығындыларын азайту мақсатындағы алдағы жоспарда ғаламдық модельдер ескерілуі керек деп санайды.
ЕРСІН ШАМШАДИН



