Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Далаға төгілген қоқыс үшін медициналық мекеме жауапқа тартылды

Ақтөбеде қала сыртындағы аумаққа заңсыз төгілген қоқыс үшін медициналық мекеменің жауапты қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оқиға 3 тамызда әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан кейін белгілі болды. Видеода белгісіз адамдардың далаға құрылыс қалдықтарын төгіп жатқаны көрсетілген. Қоқыс арасынан Ақтөбедегі медициналық ұйымға тиесілі қызметтік құжаттар мен есепке алу журналдары табылған.

Жарияланған ақпарат негізінде полиция тексеру жүргізіп, медициналық мекеменің жауапты тұлғалары елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғанын анықтады. Осыған байланысты оларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша хаттама рәсімделді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері құқық бұзушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде медициналық мекеме далаға төгілген қоқысты өз күшімен жинап, аумақты тазартты.

Полиция тұрғындар мен ұйымдарға қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға шығарып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақырды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button