Әлеумет және қоғам
«Дамыған елдер дронмен, біз трактормен шашып жүрміз»: Биыл Қазақстанда шегірткемен күреске 8 млрд теңге бөлінді
Фото halyq-uni.kz
Биыл ел қазынасынан шегірткемен күреске 8 млрд теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығы сарапшысы Алмасбек Садырбаев бұл қаржы тиімсіз жұмсалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл шегіртке 2,5 млн га аумаққа таралуы мүмкін. Оның ең көбі Ақтөбе облысында 784,4 мың га (30,9%), Қостанай облысында 775,6 мың га (30,5%) және Түркістан облысында 271,6 мың га (10,7%). Шегірткелер үйірімен күресу үшін республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге, Үкімет резервінен қосымша 3,9 млрд теңге бөлінген. Жеткізушілер анықталып, пестицидтерді сақтау және тасымалдау қызметтерін көрсету бойынша келісімдер жасалған.
«Шопан ата» ұлттық агроқозғалысы» РҚБ төрағасы Алмасбек Садырбаевтің айтуынша, елімізде шегірткемен күреске бөлінетін қаражат соңғы 5 жылда 16 есе өскен. Соған қарамастан, жұмыс тиісті деңгейде жүріп жатқан жоқ деп есептейді.
Өйткені, зиянкестермен жұмыс шегіртке қанатқа көтерілгеннен кейін емес, анау түп ұясында басталу керек. Онымен күресетін тиісті мекеме – мемлекеттік инспекция бар. Соның басшысының орны – 6-7 ай бойы бос болды. Жұмысты ұйымдастыратын сол мекемеде «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ, – дейді Алмасбек Садырбаев.
Оның сөзінше, жалпы зиянкестермен күрес ауыл шаруашылығындағы жүйелі проблемаға айналған. Мәселен, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің 1,5 жылдан бері басшысыз отыруы биологиялық қауіпсіздік үшін проблема. Бұған министрлік тарапынан дұрыс назар аударылмай отыр деп есептейді. Одан бөлек, Үкіметтің биыл шегірткемен күрес шараларына бөлген 8 млрд теңгесінің тым көп екенін және тиімсіз пайдаланылып жатқанын айтты.
Мәселен, былтыр 3,5 млрд бөлінген. Соған 1,5 млн га жерді улады. Биыл 2,5 млн га жерді өңдеп жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Соңғы 5 жылда қаражатты жылдан-жылға 500 млн-нан бастап 8 млрд теңгеден асырды. Динамика деген кері болуы керек емес пе? Қаражаттың қайтарымы немесе нәтижесі болмай ма?! Жоқ. Жылдан-жылға өршіп бара жатыр. Бұл дегеніміз, Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысты тиісті деңгейде қоймай, бюджет қаражатының игерілуі тиімсіз болғанын дәлелдеп тұр, – дейді сарапшы.
Қазір қоғамдық белсенді Түркістан, қазір енді Жамбыл, Алматы облыстарынан, Торғай өңірінен шаруалар шығып, шағымын айтып жатқанын жеткізді. Оның үстіне, енді «шегіртке келе жатыр» деп солтүстіктің шаруалары да уайымға түскен.
Министрлік мәліметінше, химиялық өңдеуге 427 бірлік арнайы бүрку техникасы, оның ішінде 289 жердегі желдеткіш және штангалық бүріккіш, 56 аэрозольды газ генераторы, 36 өте жеңіл авиация ұшағы, 36 ұшақ, 2 пилотсыз авиациялық жүйе және 8 рюкзакты бүріккіш жұмылдырылған.
Алайда, қоғамдық ұйым басшысы бұған қатысты өз ойын айтты. Оның айтуынша, біздегі шегірткемен күрес шаралары сонау кеңес заманынан қалған, аумалы-төкпелі кезеңде қабылданған шешімдермен жүреді деген пікірде.
Себебі, заманауи технологиялар жоқ, ғалымдармен бірігіп, ғылыми негіздемелердің, жұмыстардың жасалмауынан болып отыр. Әлемдік үрдіс зерттелмейді. Шегірткемен күресетін қазіргі заманауи технологиялар – бұл дрондар, соның ішінде агрокоптерлер. Сол бізде жоқ. Бізде уды трактор, машинамен жүріп, шлангамен шашады», – дейді қоғамдық бірлестік төрағасы.
Еске салсақ, былтыр Қостанай облысында 16 мың гектар жайылымдық жерге шегіртке тарап кеткен болатын. Сондай-ақ Ақтөбе мен Абай облыстарында зиянкестердің таралғаны белгілі болды. АШМ Қостанай облысына Ресейден шегірткенің келу қаупі барын мәлімедеген еді. Ведомство елдегі фитосанитариялық іс-шаралар күшейтілетінін хабарлады. Бұған министрліктің аумақтық бөлімшелерінің 1 113 қызметкері, сондай-ақ 400-ден астам штаттан тыс зерттеуші тартылып, 673 техника жұмылдырылды. Жалпы, биыл 7,6 миллион гектар аумақ зерттелсе, химиялық өңдеуге жататын 2,5 миллион гектар аумақ анықталды.