Қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусинов поп-MMA өкілі, актер Еркебұлан Тоқтар мен жекпе-жек өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
34 жастағы спортшының айтуынша, мұндай қарсыласудың спорттық құндылығы жоқ, алайда коммерциялық және медиа тұрғыдан өзін ақтауы мүмкін. Елеусинов АҚШ-та осындай форматтағы жекпе-жектердің бокстан бөлек индустрияға айналып, көрермен тарапынан үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтті.
«Блогермен немесе поп-MMA өкілімен жекпе-жек өткізу сізге қызық па?» — деген сұраққа ол:
«Егер тек табыс жағынан қарасақ — иә. Мұнда спорттық қызығушылық жоқ. Оның мені жеңе алмайтыны түсінікті», — деп жауап берді.
Бұл туралы боксшы SauBall YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Еркебұлан Тоқтар соңғы жекпе-жегін 27 желтоқсанда Ташкентте өткізіп, бокс ережесі бойынша Тимур Никулинді алғашқы раундтың 72-секундында техникалық нокаутпен жеңген.
Ал Данияр Елеусинов соңғы рет 2025 жылдың шілдесінде АҚШ-тың Вашингтон қаласында рингке шықты. Ол кезде қазақстандық боксшы филиппиндік Джеймс Бэконды екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.



