Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек Жапонияға жасаған сапары кезінде байқаған ой-тұжырымдарын бөлісті, деп жазады qandastar.kz
Ол таңғы алтындағы Токионың ерекше келбетін тамашалап, жапон қоғамының мәдениеті мен құндылықтары жөнінде әсерлі пікір айтты. Ақынның сөзінше, Жапония — әлемнің төртінші экономикасы, байлық та, тәртіп те, тазалық та күнделікті өмірінен анық көрініп тұратын ел.
«Дастархандағы тіс шұқығыштан, дәретханалардағы қағаздың сапасына дейін олардың мұқияттылығы мен мәдениетін байқатады. Байлығы бар ел көп, бірақ мұндағыдай тазалық, иіліп тұрған иба, жымиып тұрған жылылық әр жерде кездесе бермейді», — дейді Тазабек.
Ақын жапон халқының өзіндік болмысына да тоқталды. Оның айтуынша, аралда тұрған халық жаһаннан оқшау екенін сезінгенімен, әр адамға деген құрметін жоғалтпаған.
«Әр жапон — менің жалғызым» деген түсінік әдеби ұғым емес, өмірдің өзінен көрініп тұрады. Адам сапасы – олардың басты құндылығы. Еңбекқорлықтың артында отбасы тәрбиесі, ұлттық тәрбие, тарихи сана, өзін бағалау жатыр», — деп жазды ол.
Мұхамеджан Тазабек қоғамның қалыптасқан тәртібі мен мінез-құлықтың тамыры күнделікті әдеттен басталатынын атап өтті.
«Әдет мінезге, мінез тағдырға әсер ететінін біздің бабаларымыз да айтып кеткен», — дейді айтыскер.



