Жаңалықтар
«Дәрі ішкені үшін ұрған»: Әскерде соққыға жығылып, комаға түскен сарбаздың ісі бойынша сот басталды
Фото: жеке қорынан
Алматы гарнизоны әскери сотында әскери борышын өтеп жүріп комаға түскен қостанайлық Нұржігіт Әбділпаттаға қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2024 жылдың маусым айында Отардағы әскери бөлімде болған. Айыптаушы тараптың айтуынша, жігітке әлімжеттік көрсетілген.
Сот жәбірленушінің, сондай-ақ куәгерлер, Нұржігіттің төрт әріптесі мен әкесі Тимур Жаналиннің айғақтарын тыңдады.
Бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли баланың ата-анасының видео үндеуінен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев істі тексеруді тапсырғанын мәлімдеген еді.
Жәбірленуші өзін кіші сержант Дастан Тұрланның сапта тұрған кезінде тамақ дәрісін қолданғаны үшін асқазан тұсынан ұрғанын айтты.
«Сержант байқамайды деп үмітпен, дәріні тамағыма шашып жібердім. Бізді әскери бөлімге апарар алдында военкоматта түнеп, аздап салқын тигізіп алған едім. Бірақ Тұрлан мұны байқап қалып, ішімнің оң жағынан ұрды, менің тынысым тарыла бастады», – дейді жәбірленуші.
Сонымен қатар сержант сарбазды қатарластарының көзінше балағаттап, көпшілік алдында масқаралаған. Жәюірленуші бұл оқиғадан кейін өзін ұзақ уақыт өте нашар сезінгенін айтты, сарбазда бас айналу, мұрыннан жиі қан кету, жүрек айну және тәбетінің жоғалуы басталған.
«Бір күні мен асханада ауыра бастадым. Дәретханаға жүгіріп барып, құстым, содан кейін әріптестерім мені медициналық бөлімшеге апарды. Сол жерден мені ауруханаға жіберді. Одан кейін ешнәрсе есімде жоқ, тек Қордайдағы аурухананың жансақтау бөлімінде оянғанымды білемін», – дейді Нұржігіт.
Сотқа куәгер ретінде жәбірленуші сарбаздың әкесі Тимур Жаналин де келді. Оның айтуынша, әйеліне әскери бөлімнен телефон соғып, Нұржігіттің Қордайдағы ауруханада жатқаны хабарланған, ол кезде ұлдарыңызда бәрі жақсы, алаңдауға негіз жоқ деп сендірді. Алайда бірнеше сағаттан кейін олар қайта телефон соғып, сарбаздың жағдайы өте ауыр екенін айтқан.
Жәбірленушінің әкесі әйелі екеуі ауруханаға баласын көруге келгенде, оларды ұзақ уақыт бөлмеге кіргізбегенін айтты. Сонымен қатар Нұржігіт комада жатқанда әкесі оны өз бетінше тексеріп, Нұржігіттің ішінің көгергенін анықтаған. Мұны алғашқы сот-медициналық сараптамасын жүргізген сарапшы да растады. Сараптаманы бұған дейін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот отырысында сөз сөйлеген белгілі Тахир Халимназаров жүргізген.
Жәбірленуші сержанттың соққысынан ауырып қалғанын соңғы сәтке дейін әскери бөлімде ешкімге айтпағанын да атап өтті. Оның айтуынша, ол буллингтен қорқып, сондықтан болған оқиға туралы ешкімге айтқысы келмеген.
Сарбаз сотта клиникалық өлімді бастан өткергенін айтты. Оның үстіне Қостанайда ата-анасының бақылауында бір айға жуық үйде болып, тек мүгедектер арбасы арқылы ғана қозғалған.
Еске салсақ, Жамбыл облысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбазы Қордай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне түскені туралы жазған едік. Қорғаныс министрлігі сарбазға жасалған зорлық-зомбылық фактісін растады.