
Фото: ашық дереккөз
Белгілі актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі жазбасында бұрынғы некесі жайлы шындықты ашып, көп жылдан бері іште сақтап келген жан сырын ақтарды, деп хабарлайды qandastar.kz.
Өнер иесі бұған дейін жеке өмірін көпшілік назарынан аулақ ұстауға тырысқанын, алайда енді шындықты жасырмай, ашық айтуға бел буғанын жеткізді.
«Жеке өмірімді ешкімге айтпай келіп едім. Енді көрермен үшін бөлісетін уақыт келген шығар. Менің де өз шындығым бар. Көп уақыт бойы сырт көзге бақытты адам болып көрінуге тырыстым. Елдің адамы болған соң, көп нәрсені ішіме сақтадым. Бірақ бұл – қателік болған екен», – дейді актриса.
Бадықова отбасындағы қиындықтар, түсініспеушілік пен жауапкершіліктің тек өз мойнында болғанын айтты.
«Біз шын мәнінде бақытты бола алмадық. Тұншығып өткен күндерім өте көп. Кино саласына келгенге дейін-ақ ажырасып кеткенбіз. Ағайын-туыстан ұялып, үнсіз жүре беріппін. Өнер арқылы өзімді жоғалтпауға тырыстым. Мен тек сахнада ғана бақытты адаммын», – деп бөлісті ол.
Сондай-ақ, актриса бұрынғы күйеуімен ажырасқаннан кейін де материалдық жауапкершіліктің өз мойнында болғанын жасырмады.
«Кетіп қалған соң да, ақша сұрап тыныштық бермеді. Алғашында беріп жүрдім, жаныма ашып. Кейін құрбыларымның ақылымен тоқтаттым. Содан соң мен туралы түрлі жалған әңгімелер тарата бастады», – дейді ол.