Жаңалықтар

«Дәрігер 6 сағат ұйықтаған»: Арыста 4 жасар бала ауруханада жан тапсырды

Түркістан облысы, Арыс қаласында төрт жасар Әлирахман Сейітхан екі апта бойы ес-түссіз жатқаннан кейін ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Qandastar.kz

Баланың ата-анасы алғашқы көмек көрсетпеді деп дәрігерлердің үстінен арыз түсірген. Олардың айтуынша, төрт жастағы Әлирахман Сейітханға диагноз нақты қою үшін мекемеде не компьютерлік томография, не МРТ аппараты болмаған. Құрылғы тек облыстық емдеу мекемесінде ғана бар дейді. Ал оған балақайды аман жеткізетініне ешкім кепілдік бере алмаған. Ақырында бала жан тапсырды.

Марқұмның анасы Ұлжан Жүзей баласына тиісті диагноз уақытында қойылмаған дейді.

«Бұл жерде қажетті аппараттар жоқ. Диагнозды анықтау мүмкін болмады. Балаға тек вирустық энцефалит деген болжам айтылды. Неге сіз келіп баланы қарамадыңыз? 6 сағат бойы қалай ұйықтадыңыз деп сұрап отырмыз. Үндемеді. Салғырттық салдарынан 6 сағат жоғалттық. Алғашқы көмек уақытында көрсетілгенде балам қазір осындай жағдайда болмас еді», – деп ашынды анасы.

Айта кетейік, емдеу мекемесінің бас дәрігері бұрын қызметтік тексеріс басталғанын хабарлаған еді. Алайда құқық қорғау органы аталған жағдай бойынша нақты мәлімет бермеді. Жас отбасы ұлын соңғы сапарға шығарып салды. Олар кінәлілер жазасыз қалмауы тиіс деп отыр.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button