Басты жаңалықтарДенсаулық

Дәрігерлер: Астанадағы жұқпалы аурулар бөлімшелері лық толған

Астанада балалар инфекциялық стационарларындағы жүктеме артқаны мойындалды, деп хабарлайды QANDASTAR ақпарат агенттігі «NewTimes.kz» сайтына сілтеме жасап.

Алматы қаласының мамандары мегаполисте «гонконг тұмауы» жоқ екенін мәлімдеді. Ал Астанада, керісінше, балаларға арналған инфекциялық бөлімшелердің расымен жүктемесі артқаны айтылды.

«Бізде жаңа штаммдар жоқ. Бұл жыл сайын айналымдағы H3N2 тұмауы. Ешқандай ерекше белгісі жоқ. Кез келген вирустық инфекциядағыдай температураның көтерілуі, аяқ-қолдың ауырсынуы, тәбеттің жоғалуы, белсенділіктің төмендеуі байқалады. Емдеу мен профилактика да бұрынғыдай: адамдар көп жиналатын орындарды шектеу, маска тағу, байланыстарды азайту. Жаңа грипп туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», – деді Алматы қаласы ДСЭК басшысының орынбасары Әсел Қалыкова.

Ал Астанада өткен ОРВИ-ге қатысты брифингте инфекциялық стационарлардың шынымен толып жатқаны расталды.

«Инфекциялық стационарларда жүктеме бар. БАҚ пен әлеуметтік желілерде балалар ауруханаларындағы ұзын-сонар кезек туралы айтылып жатыр – бұл рас. Биыл эпидсезон ерте басталып, жедел жәрдемге жүгінушілер саны өте көп. Соңғы 20 күнде 5 мыңнан астам балалы ата-ана жүгінген. Былтыр бұл көрсеткіш 2,5 мың еді. Қазір ОРВИ симптомдарымен жүгінгендер саны 4 есе артты. Науқастардың 70% – балалар», – деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.

Осыған байланысты елорда ауруханаларында қосымша төсек-орын бөлінген. Қажет болса, резерв те бар. Ең көп жүгіну уақыты – 18:00–02:00 аралығы. Дәрігерлердің айтуынша, ата-аналар ең алдымен фильтр-кабинеттерге баруы керек – онда кезексіз қабылданады.

Бұған дейін Астана мен Алматыда балалар арасында белгісіз вирус жылдам тарап жатқаны хабарланған. Көптеген бала пневмония белгілерімен ауруханаға түскен. Сондай-ақ тұрғындар астаналық дәріханаларда вирусқа қарсы препараттардың тапшылығына шағымдануда.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button