
Ақтөбе облысында күшті әсер ететін заттарды заңсыз айналымға шығарған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу барысында Алматыдағы дәріханалардың бірінде жұмыс істейтін фармацевт өзінің қызметтік мүмкіндіктерін пайдаланып, күшті әсер ететін заттардың ірі партияларын Ақтөбе облысына жеткізуді ұйымдастырғаны анықталған.
Жедел-тергеу шаралары кезінде қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен өзге де мүшелері ұсталды. Олардың арасында операторлар, заттарды ораушылар және заңсыз тауарды жасырумен айналысқандар болған.
Заңсыз айналымнан мыңнан астам дәрілік препарат тәркіленді.
ІІМ мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз айналымға шығарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Мұндай қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.



