Білім

Дәулет Мұқаев ер балалар қандай кітап оқуы керектігін айтты

Фото: ашық дереккөз

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев «Ұждан» Әкелер алаңына берген сұхбатында әкесінен алған тәлім-тәрбиесі мен үлгі еткен өнегесі туралы айтып берді, – деп хабарлайды qandastar.kz

«Менің әкем өте қарапайым еңбек адамы. Ол бізге әрдайым адал болыңдар, білімге ұмтылыңдар және ешкімге өздігінен тиіспеңдер, өзі бірінші бастап тиісті ме онда оны аяма деп құлағымызға құйып өсірді. Әкем бұл сөздерді ер бала болғандықтан жиі айтқан болар деп ойлаймын. Бала кезімізде әкем оқу-білімге құштар болу керектігін есімізге жиі салып отырды. Содан болар кітап оқуға, білім алуға ерекше қызығушылық таныттым. Біздің балалық шағымыз тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде өткендіктен қиыншылықтың не екенін сезініп өстік. Ол уақытта бізде ойнайтын қарапайым ойыншық болмады. Үйде не бар содан ойыншық құрастырып, жоқтан бар жасауды, қирап қалған дүниені қайта құрастыруды үйрендік. Ал қазір барлығы бар, мүмкіндік көп, балалар өте бақытты. Бірақ бүгінгінің балалары үшін көп нәрсеге қол жеткізу оңай болғандықтан, бар дүниенің қадірін біле білмейді. Себебі, қарапайым ойыншықтың өзін кішкене уақытта сындырып, қоқысқа лақтырып жатады. Сол себепті өз балаларымды әкем айтқан ақылмен тәрбиелеп келемін. Әке ретінде балаларымды білімді, еңбекқор, адал азамат етіп өсіргім келеді. Өзімнің жасым отыз екіге келсе де әлі күнге дейін әкемнің қабағына қарап, түйіні шешілмеген мәселені сол кісімен ақылдасып отырамын. Әке-шешеміз қасымызда бар кезде қадірін білуіміз керек», – деді Дәулет Мұқаев.

Сұхбат барысында “ер балалар қандай кітапты міндетті түрде оқуы керек?”,- деген сұрағымызға Дәулет Мұқаев “бірінші кезекте Бауыржан Момышұлын оқу керек”,- деп жауап берді.

«Өзім экономист болғаннан кейін қаржылық сауаттылық бағытындағы кітаптарды жиі оқимын. Бірақ, өскелең ұрпаққа Бауыржан Момышұлы атамыз жайлы және Әзілхан Нұршайықов туралы кітаптарды жиі оқытуымыз керек. Сондай-ақ, жастардың отансүйгіштік қасиетін оятатын кітаптарды да жиі оқытуымыз керек. Ал оның барлығын біз тарихтан аламыз. Сондықтан сіз бен біз өз тарихымызды терең түсінуіміз қажет», – деді Дәулет Мұқаев.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close