ЖаңалықтарСпорт

Дәулет Тұрлыханов Қазақстан күрес федерациясының президенті қызметінен кетті

Дәулет Тұрлыханов Қазақстан күрес федерациясының президенті қызметінен кетті, деп хабарлайды qandastar.kz сайты NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Алматыда Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының конференциясы өткен болатын. Шара барысында федерацияның атқарған жұмысы қорытындыланып, жаңа президент сайланды. Көпшілік дауыспен бұл лауазымға Еркін Оқасов сайланды.

Федерацияның Instagram-дағы ресми парақшасында Дәулет Болатұлының басшылық қызметті аяқтау шешімді өзі қабылдғаны, бұл сәтті оның терең алғыс сезімімен және ішкі тыныштықпен қабылдайтыны туралы пост жарияланды. Поста федерацияның экс-президенті барша әріптестері мен өзіне қолдау білдірген көпшілікке алғысын жаудырды.

«Өзінің жүрегін Қазақстан күресін дамытуға арнап, соңғы 4 жылда бірге еңбек еткен әрбір жанға – бапкерлерге, спортшыларға, өңірлік федерацияларға, төрешілерге, дәрігерлерге, массажистерге, серіктестерімізге және күн сайын табанды еңбек еткен барлық азаматтарға шынайы алғыс айтқым келеді», — деп жазды ол.

Оған қоса Дәулет Тұрлыханов басшылығы кезінде федерация қандай жетістіктерге жеткенін тізіп шықты:

  • Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдесі ересектер арасында 3 әлем чемпионы;
  • 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында 3 әлем чемпионы;
  • 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында 4 әлем чемпионы;
  • 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында 4 әлем чемпионы.

Ол бұл жеңістер біртұтас командамыздың еңбегі, күрестің болашағына сенген, табандылық танытқан, жанкештілікпен жұмыс істеген адамдардың ортақ жетістігі екенін атап өтті.

«Біз үлкен жолды бірге жүріп өттік, қазақ күресінің халықаралық аренадағы беделін нығайттық, ірі халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде өткіздік және жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер аштық. Осы тарихи кезеңнің бір бөлігі болу – мен үшін үлкен құрмет. Бірақ спорт тек сабақтастық пен алға жылжу бар жерде дамиды. Жаңа команда жаңа көзқарас, тың идеялар және біздің сүйікті спортымызды дамытуға тың серпін әкелетініне шын жүректен сенемін. Жаңа президентке және федерация ұжымына зор табыс тілеймін», — деді Тұрлыханов.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Kazakhstan Wrestling (@kazwrestling_official)

Айта кетейік, Дәулет Тұрлыханов – кеңестік және қазақстандық грек-рим күресінің балуаны, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1989), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Сонымен қатар, Дәулет Тұрлыханов 1989 жылғы әлем чемпионы және 1993 жылғы әлем вице-чемпионы, 1995 жылғы Еуропа және Азия чемпионы, Олимпиаданың күміс (1988) және қола (1992) жүлдегері, сегіз дүркін КСРО чемпионы.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button