Шоу бизнес

«Денсаулығыма салғырт қарадым, кейін өкіндім»: марқұм Мұрат Бисенбиннің соңғы сұхбаты тарады

Қатерлі ісікпен ұзақ күрескен актер Мұрат Бисенбин өмірден өтер алдында Динара Сәтжанға берген соңғы сұхбатында қазақстандықтарды денсаулығына бейжай қарамауға шақырды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оның айтуынша, әр адам жылына кемінде бір рет толық медициналық тексеруден өтіп тұруы қажет.

«Жылына бір рет чекаптан өту керек. Қазір мұндай тексерулерді ұсынатын орталықтар көп. Егер мүмкіндік болса, міндетті түрде тексерілген жөн. Бұған шамамен мың доллар кетуі мүмкін, бірақ соның арқасында көптеген ауруды ерте анықтауға болады. Бұл тек қатерлі ісікке қатысты емес — басқа да жасырын дерттерді дер кезінде білуге көмектеседі. Өкінішке қарай, мен мұндай тексеруден өтпедім. «Еш жерім ауырмайды, маған не керек?» деп салғырт қарадым. Кейін осының бәріне қатты өкіндім», — дейді ол.

Актердің айтуынша, көп жыл бойы спортпен шұғылданса да, салмақ қоса алмағаны өзіне де күмән тудырмаған.

«Алты жыл бойы ашығу режимін ұстандым, үнемі жаттығу жасадым. Бірақ салмағым өспеді. Мұны алғаш байқаған — әйелім. Асқазанында ақауы жоқ адам үшін ара-тұра ашығу қауіпті емес деп ойладым. Бұған қоса, алты жыл бойы ашқарынға энергетик ішіп, күні бойы қантсыз кола тұтындым. Сол арқылы тәбетімді тежеймін деп сендім. Алайда салмақ қоса алмау — менің ауруымның ең алғашқы белгісі болып шықты. Ал зиянды сусындар денсаулығыма кері әсер етіп, қатерлі ісікке шалдығуыма себеп болуы да мүмкін», — деп ескертті актер.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button