Қаржы және төлемдер

Депутат: 2028 жылға қарай Қазақстанның мемлекеттік қарызы екі есе өсуі мүмкін

2028 жылға дейін Қазақстанның мемлекеттік қарызы екі есеге артып, 57 трлн теңгеге жетуі ықтимал. Бұл туралы Мәжілісте өткен 2026 жылғы бюджет жобасын талқылау кезінде депутат Олжас Нұралдинов мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz

Депутаттың айтуынша, мемлекет ескі қарыздарды өтеу үшін жаңа заемдар алуды жалғастырып отыр.

«Алдағы үш жылда тағы 24 трлн теңге көлемінде қарыз алу жоспарланып отыр. Осылайша 2028 жылға қарай мемлекеттік қарыз екі есеге өсіп, 57 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Бұл — бюджет шығындарының айтарлықтай бөлігін қарызды өтеуге жұмсауға әкеледі. Тіпті бұл сома білім беру, қорғаныс және инфрақұрылым салаларына бөлінетін қаражаттан да асып кетуі мүмкін», — деді Нұралдинов.

Ол сондай-ақ Есеп комитеті (қазір  Жоғары аудиторлық палата) бірнеше рет қарызды қарызбен жабу тәжірибесінің қауіпті екенін ескерткенін атап өтті.

«Ескі міндеттемелерді жаңа қарыздар есебінен өтеу — қаржылық жүйенің тұрақтылығына сенімді әлсіретіп, бюджет саясатын тәуелді етеді. Біз қашан қарызға емес, өз мүмкіндігімізге қарай өмір сүруді үйренеміз?» — деді депутат.

Қаржы министрі Мәди Такиев депутаттың сынына жауап бере отырып, қазіргі мемлекеттік қарыз деңгейі 33,5 трлн теңгені, яғни ЖІӨ-нің 22,2%-ын құрайтынын айтты. Бұл бекітілген лимит — 32%-дан төмен.

Министрдің сөзінше, мемлекеттік қарыздың 76%-ы — ішкі нарықтағы, ал қалған 24%-ы — сыртқы нарықтардан алынған қарыздар, олар негізінен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.

«Келесі жылы бюджет тапшылығы 2,5% деңгейінде жоспарланып отыр. Кейін бұл көрсеткіш 0,9%-ға дейін төмендейді. Демек, тапшылық азайған сайын қарыз алу қажеттілігі де азаяды, бұл мемлекеттік борышты төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Мәди Такиев.

Министр сонымен қатар жаңа Салық кодексінің іске қосылуы бюджет кірісін ұлғайтып, қарыз жүктемесін азайтуға сеп болатынын айтты.

«Жаңа кодекс аясында қосымша түсімдер күтіліп отыр. Бұған қоса, қарыз тәуекелін азайтуға бағытталған жүйелі шаралар қабылданып жатыр», — деді Қаржы министрі.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button