Жаңалықтар

Депутат: Ақтаудағы апатқа қатысты тергеу ашық жүріп жатыр

Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Ақтаудағы Әзербайжанның апатқа ұшыраған ұшағына қатысты пікір білдірді, деп жазды qandastar.kz

 «Биылғы кібісе жылдың соңында жүздеген адамның қаза табуына әкелген ауыр ұшақ апаттары болды. Оның бірі – Әзербайжан ұшағының Ақтау қаласында апатқа ұшырауы.

Қысқа уақыт ішінде бұл мәселе саясиланып, әлемдік БАҚ беттерінде көп талқыланып, түрлі пікірлер айтылған тақырыпқа айналды. Өйткені бұл апатқа бізбен шекаралас бірнеше елдің тікелей қатысы бар.

Осы ретте, жағдайдың күрделілігіне байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, апат бойынша әрбір қабылданатын шешім бұқаралық ақпарат құралдарында бүкпесіз таратылып жатыр», – деді халық қалаулысы.

Оның айтуынша, тергеу амалдарына ешбір мүдделі мемлекеттер тарапынан қысымға жол берілмей, ол тек қана халықаралық талаптарға сай жан-жақты зерттеліп жатыр. Бұл – Қазақстанның мызғымас әрі нық ұстанымы.

«Оған дәлел – зардап шеккен мемлекеттердің саяси қысымына қарамастан, Қазақстан басшылығы Әзербайжан ұшағының қара жәшіктерін Бразилияның Әуе апаттарын тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) беру туралы шешім қабылдауы. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның дербес позициясы.

Бауырлас және көрші Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің арасындағы бейтараптықты сақтау мақсатында тергеу амалдарын әлем қауымдастығының сенімін тудыратындай мақсатта жүргізу – біз үшін басты орында екенін Президентіміз нақты көрсетті.

Өйткені әлем көз тігіп отырған осы апат бойынша тергеуді әділ және озық халықаралық стандарттарға сай жүргізу еліміздің абыройы мен беделі үшін өте маңызды.

Бұл – біздің іргелі ел ретіндегі бұлжымас қағидамыз»,– деді Е. Бейсенбаев.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close