Депутат Бақытжан Базарбек Алашорда зиялыларына қатысты сирек құжаттармен бөлісті, деп жазады Qandastar.kz.
Базарбектің айтуынша, Бас прокуратураның орынбасары Ғалымжан Мәмбетұлы Қойгелдиев оған екі томдық ерекше еңбек сыйға тартқан. Бұл кітаптар 1920-1930 жылдары ОГПУ тергеу органдары жүргізген қолдан жасалған тергеу істерінің материалдарын қамтиды. Томдарда Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты алашордалықтарды, сондай-ақ Алаш идеясын қолдаған басқа да тұлғаларды тергеу кезінде ресімделген құжаттар жинақталған.
Алашордалықтарды қуғын сүргінге ұшыратудың сырлары қолымда. Бұл — мен үшін аса құнды, тарихи маңызы зор сый. Оны Алаш мұрасын зерттеуге өмірін арнаған көрнекті ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің ұлы, еліміздің адал азаматы Ғалымжан Мәмбетұлы Қойгелдиев жеткізді, — деп жазды депутат facebook парақшасында.
Сонымен қатар Бақытжан Базарбек Бас прокуратураның жұмысын атап өтті. Ол елден қашып кеткен қылмыскерлерді экстрадициялау үшін халықаралық келісімдер жасалып, елдің қауіпсіздігі мен бюджетінің қорғалғанын айтты.
— Ғалымжан Мәмбетұлының еңбегі арқасында мемлекетке қылмыскерлерді қайтару және олардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою жолында нақты істер жасалған, — деді Базарбек.



