ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Депутат: Алаяқтар рәсімдеген несие банктің жауапкершілігіне өтеді

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында азаматтарға жағымды жаңалықпен бөлісті. Бұған дейін ол осы мәселені бірнеше мәрте Мәжіліс отырыстарында көтерген болатын, деп хабарлайды qandastar.kz

Депутаттың айтуынша, оның ұсынған бастамаларының ішінен келесі бес тармақ қолдау тапқан:

  1. Енді банктер тек төрт таңбалы код арқылы несие рәсімдей алмайды – бұл процесс тек биометриялық сәйкестендіру арқылы жүзеге асады;
  2. Егер биометриялық тексеру сәтсіз өтсе, банк мұндай несиені өз қарыздар тізімінен алып тастауға міндетті;
  3. Әрбір несие рәсімделгеннен кейін 24 сағаттық «салқындату» мерзімінен өтеді. Осы уақыт аралығында «e-gov» жүйесі арқылы тексеріс жүргізіледі;
  4. Зейнет жасындағы азаматтар мен 21 жасқа толмаған жастарға онлайн несие рәсімдеуге шектеу қойылады;
  5. Егер банк 24 сағаттық тексеріссіз несие берсе, ол қарызды өз есебінен жабуға тиіс.

Сонымен қатар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова да бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, егер несие азаматтың келісімінсіз рәсімделіп, биометриялық сәйкестендіру өтпесе, мұндай қарызды сотқа жүгінбей-ақ есептен шығаруға мүмкіндік бар. Ол үшін азамат құқық қорғау органдарына өтініш беріп, алаяқтық фактісін растау қажет.

Төрағаның мәліметінше, соңғы екі жыл ішінде банктер жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгені құрайтын 1 500-ге жуық несие бойынша 1 400 азаматтың қарызын соттан тыс есептен шығарған.

Мәдина Әбілқасымова сондай-ақ кей жағдайларда биометриялық жүйені айналып өтіп, жалған несиелер рәсімделгенін атап өтті. Мұндай фактілер бойынша сот арқылы алаяқтық дәлелденсе, қарыз міндетті түрде жойылады. Бұл тәртіп Ішкі істер министрлігімен бірлесе бекітілген арнайы ережелермен реттеледі.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button