Жаңалықтар

Депутат автобус жолақысын 500 теңгеге дейін көтеру ұсынысына пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Астана мен Алматыда автобус жолақысын 500 теңгеге дейін қымбаттату туралы ұсынысты қисынсыз деп атады, деп хабарлады qandastar.kz.

Бұған дейін мұнай саласының сарапшысы Олжас Байдильдинов тасымалдаушылар шығынға батты деген уәжбен тарифті көтеру қажет екенін айтқан еді.

«Бірде мұнай, бірде сауда саласында пікір білдіретін сарапшы енді көлік саласының маманы болыпты. Оның бұл ұсынысы ақылға қонбайды. Сөйлесіп жүрсеңіздер, өзіне солай жеткізіңіздер», – деді депутат.

Бейсенбаевтың айтуынша, қоғамдық көлік компанияларының шығынының көп бөлігі бюджет есебінен өтеледі, ал автобус парктері мемлекеттен жеңілдетілген несие мен субсидия алады.

«Біз тасымалдаушыларды субсидиялаймыз, себебі халықтың қазіргі табыс деңгейін білеміз. Олар қанша төлей алады, қандай сома олардың мүмкіндігіне сай – соны ескереміз», – деді ол.

Back to top button