Жаңалықтар

Депутат BI Group, Bazis, RAMS секілді құрылыс компанияларын сынады

Фото: МӘМС

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қазақстандағы құрылыс саласындағы жосықсыз компанияларға қарсы күресті күшейту мақсатында жаңа Қала құрылысы кодексіне құрылыс компанияларының бірыңғай тізілімін енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс үлескерлерді алдау фактілерінің көптігі мен тұрғындардың баспанасыз қалуы мәселесіне байланысты жасалды, деп жазды qandastar.kz

Депутаттың айтуынша, кейбір құрылыс компаниялары жер телімдерін сатып алғанымен, қала бас жоспары мен жобалық дамудың параметрлерін (ПДП) өзгеріссіз қалдырып, заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бұл жағдай тұрғындар үшін ауыр зардаптарға әкеліп соғады, өйткені олар өз баспаналарын алу мүмкіндігінен айырылады.

Заң жобасына сәйкес, сот шешімдері негізінде осындай заң бұзған құрылыс компаниялары «жосықсыз құрылыс салушылардың» бірыңғай тізіліміне енгізілмек. Бақытжан Базарбек бұл бастаманы депутаттық корпус қолдайтынына сенім білдіріп, жаңа кодексте құрылыс саласында бақылау мен жауапкершілікті күшейтетін нақты және тиімді механизмдердің енгізілуі қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге, депутат бұл тізілім ірі құрылыс компаниялары — BI Group, Bazis, RAMS және басқа да салымшыларға қатысты болатынын мәлімдеді. Ол заңның барлығына бірдей қолданылуы маңызды екенін және кейбір компанияларға ғана қатысты болса, онда заңның мәні болмайтынын айтты.

Back to top button