Қаржы және төлемдер
Депутат: Біз өркендеп жатқан салаға көмектесудің орнына банкрот болып жатқан жерге ақша құямыз
Фото: parlam.kz
Депутат Мақсат Толықбай «Qasqa Jol» YouTube арнасында қонақта болып, бюджет қаражатын бөлу туралы сұрақтарға жауап берді, – деп жазады qandastar.kz
Мақсат Толықбайдың сөзінше, біздің Үкімет бжджетті дұрыс жоспарлауды білмейді.
«Бюджетті бөлу жоспары бір жылға, екі жылға, үш жылға деп бөлінеді. Келесі жылға бөліну керек қаржының барлығын жинақтап бізге алып келеді. Осы жерде біздің кемшін тұсымыз дұрыс жоспарлаудың жоқтығы. Біз қазір қарызға өмір сүріп жатырмыз. Бюджет тапшылығын жабу үшін Үкімет жақында 3 трлн қарыз алды. Оның 600 миллиардын Жапониядан алып жатыр. Одан бөлек, Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге, «Қазатомпром» арқылы 1 трлн теңге, келесі жылы тағы Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге қарыз алмақ. Сонда екі жылда болашақтың капиталы деп жинап қойған Ұлттық қордан 24 миллиард доллар ақша алынбақ. Сол үшін Үкімет дұрыс жоспарлауды үйрену керек. Жоспарлайды, ақша жетпей қалады. Жапониядан 0,5 пайызбен алып отырмыз, деп айтады. Бірақ қарыз мақтанатын дүние емес. Қаржы министрлігінде жап-жас жігіттер, жауапкершілікті ешкім алмайды. Қазір мен банктен несие алып уақытында төлей алмасам менің үйім мен көлігімді тартып алады. Ешкім жауап бермейді, ешкім сөгіс алмайды. Бізге жауапкершілікті күшейту керек. Доллардың бағамы, мұнай бағасы басқа да өзгерістерді ескере отырып жоспар құруға болады. Оны да жасай алмайды. Айналып келіп қарыз ала береді. Бізде қазір шығыс көп, кіріс аз. Ұлттық қордағы ақшаны талан-таражға салатын болсақ, болашақ ұрпаққа не қалады? Біздің бюджет негізі салықтан тұрады. Осы жылы 3 трлн салық түсуі керек болған. Ол да түспеді, оны да ешкімнен сұрамайды. Артық шығындарды, конференциялар мен керегі жоқ жобаларды өткізуді де тоқтату керек. Біз өркендеп жатқан салаға көмектесудің орнына банкрот болып жатқан жерге ақша құямыз. Мұндай жағдайда дамудың жолы қиын. Экономикада да еркіндік болу керек», – дейді депутат.