Әлеумет және қоғам

Депутат Еділ Жаңбыршин қыз алып қашу мәселесін көтерді

Фото: ашық дереккөз

Бүгінгі Мәжіліс отырысында бір топ депутат қыз алып қашу мәселесін көтерді, деп хабарлайды qandastar.kz

Депутат Мұрат Әбенов сахнада айтылып жүрген әндерді сынап, олардың мәтінінде қыз алып қашу дәріптеліп жатқанын мәлімдеді.

«Өткен аптада Астанада бір университет студенттерімен кездестім. …Қыз балалар маған бір ролик көрсетті. Қыз баланы алып қашқан. Қасында біреу көндіріп, «өз еркіммен келдім деп жаз» деп айтып отыр. TikTok-та тұр. Барлығы мазақ қылып, соны айтып жатыр. Құқықбұзушылық. Нағыз заңбұзушылық.

Белгілі әншілер сахнада осылай ән айтып жатыр: «Алып қашамын, мейлі олай қалама. Келін қыламын, сені қалай да анама» дейді. Екінші әнші айтады. «Көресің, менің үйіме барасың, басыңа аппақ орамал тағасың, көндіремін, көнесің. Қыз болып келесің, келін болып қаласың» дейді. Міне, мәжбүрлеу. Соны теледидардан насихаттап, көрсетіп жатырмыз», – деді ол.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де бұл мәселе келеке қылатын, күлетін нәрсе емес екенін айтты.

«Бәріміз де қыз асырап отырмыз. Ол – етек алып кеткен жағдай. ХХІ ғасырда әке-шешесімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адамды салып алу тауар емес, зат емес, ол адам ғой. Оның тағдырына әсер етеді. Бұл заң аясында қаралатын нәрсе емес шығар, бірақ Парламенттің төрінде қоғамдағы кез келген өзекті мәселе талқылануы керек деп Президент айтқан жоқ па? Жігіттерді түсінбеймін. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт не қылған жігіт?! Көшеге барып, қызды бүктеп-бүктеп салып алады деген… Менің үш қызым бар. Алдынан өтіп, сөз байласып, құда түсіп алғанды бәріміз де жақсы көреміз. Мынау – қоғамдағы үлкен дерт. Қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы керек» – деді ол.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close