Жаңалықтар

Депутат Еділ Жанбыршинді сотқа сүйреп жатыр

Астанада Қазақстан азаматы Виталий Шевченконың Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршинге қарсы азаматтық талап-арызы бойынша сот процесі басталды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы  КазТАГ агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Талап-арызда Шевченко депутаттың өзіне қатысты айтқан пікірлерін ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, қорлайтын мәлімдемелер деп тануды сұрайды. Сондай-ақ жауапкерді көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттеуді талап етіп отыр.

Соттың мәліметінше, Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты талап-арызды өндіріске қабылдаған. Іс депутаттың Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасына байланысты қозғалған.

Виталий Шевченконың айтуынша, сотқа жүгінуіне депутаттың Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің құқықтары болжамды түрде бұзылуы тақырыбындағы талқылау барысында айтқан пікірлері себеп болған. Ол бұл мәлімдемелерді қорлау деп санайды.

Сотқа дейін Шевченко Мәжіліске шағым түсірген. Алайда берілген жауапта депутат Еділ Жанбыршинді жауапкершілікке тартуға және оны көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттеуге негіз жоқ екені көрсетілген. Себебі депутаттың пікірі жеке көзқарас ретінде бағаланған. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасының жанындағы депутаттық этика жөніндегі кеңестің төрағасы Бақытқожа Ізмұхамбетов өтініш иесіне бұл шешіммен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуді ұсынған.

Осыдан кейін Виталий Шевченко Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап-арыз берген. Алдын ала сот отырысы 14 қаңтарда өтті. Келесі сот тыңдауы 22 қаңтарға белгіленген.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button