Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Депутат елді рушылдық жайлағанын айтып, Премьер-Министрге сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына қоғамда соңғы кезде белең алып келе жатқан рушылдық психология және оның қауіп-қатерлері туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлайды. 

Сайыров рушылдық сана ұлттық бірлікке сызат түсіріп, мемлекеттіліктің іргесін әлсірететін қауіпті құбылыс екенін атап өтті. Оның пікірінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, мәдениет пен өнер саласында рушылдықты насихаттайтын контент көбейген.

«Мемлекетті құрудан гөрі, мемлекеттілікті ұстап тұру қиын. Ал рушылдық қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, елдің тұтастығын ыдыратуға қабілетті», – деді депутат Facebook парақшасында.

Сайыровтың айтуынша, жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық атауларды «бренд» ретінде пайдаланып, киім-кешек пен түрлі тауарларға жазып сатуды қалыпты құбылысқа айналдырып отыр. Сонымен қатар, жастарға бағытталған әлеуметтік желідегі материалдар мен кейбір фильмдерде де рушылдық идеялар ашық көрініс табуда.

«Шығармашылық бостандық қажет. Бірақ ол ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырына балта шабатын деңгейге жетпеуі тиіс», – деді ол.

Осыған байланысты Ерлан Сайыров Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан отандық фильмдерді прокатқа шығармай тұрып, олардың мазмұнын ұлттық бірлік, идеология және көркемдік-эстетикалық тұрғыда сараптайтын тұрақты комиссия құруды ұсынды. Сондай-ақ қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын контентке нақты тосқауыл қою қажеттігін айтты.

Депутаттың пікірінше, мәдениет пен медиакеңістікте жалпыұлттық «Біз – Қазақпыз» идеясын дәріптейтін, ел бірлігін нығайтатын мазмұндағы контентті арттыру қажет.

«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Ұлт пен мемлекет мүддесіне келгенде ешқандай ымыра болмауы тиіс. Қазақстанда трайбализмге жол жоқ», – деп түйіндеді Ерлан Сайыров.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button