Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Депутат: Қазақстан-Ресей шекарасында инфрақұрылым дағдарысы туындады

Қазақстан мен Ресей арасындағы ең маңызды шекара өткелдерінің бірі – Батыс Қазақстан облысындағы “Сырым” өткізу пункті  күрделі мәселенің алдында тұр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Аралбай  мәлімдеді, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы. 

Депутаттың айтуынша, аталған бекет тәулігіне шамамен 3000 автокөлік қабылдайды, бірақ инфрақұрылым тозған, бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі мен жиі болатын жол апаттары жағдайды қиындатып отыр. Өткізу пунктін жаңарту жобасы әзірленгенімен, ең маңызды нысан – «Таловая» өзенінің үстіндегі темір-бетон көпір есепке алынбай қалған.

Көпірдің жалпы ұзындығы 42,78 метр, оның 35 метрі – Қазақстанда, 7 метрі – Ресей аумағында орналасқан. Ені — 10 метр. Аралбайдың сөзінше, дәл осы көпір өткізу қабілетін шектеп, барлық қозғалыс “құмыра мойнындай” тар жерге келіп тіреледі.

«Қарапайым көрінгенімен, көпірді қайта салмасақ немесе толық жөндемесек, өткізу пунктін жаңартудың пайдасы жоқ. Жаңа жолақтар көлік нөпірін арттырады, ал тозған көпір бәрін қайтадан кептеліске әкеледі. Яғни, мәселе түбегейлі шешілмейді», – деді депутат Facebook парақшасында. 

Осыған байланысты Нартай Аралбай және бірқатар депутаттар Үкімет басшысына ресми сауал жолдап, жобаны қайта қарауды, көпірді жаңарту мәселесін шұғыл шешуді талап етті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button