ЖаңалықтарСпорт

Депутат қысқы Олимпиададан бір ғана медаль алуымыз мүмкін екенін айтып, дабыл қақты

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов қысқы спорт саласындағы бірқатар мәселелерге назар аударды, деп хабарлайды Qandastar.kz порталы Bairaqmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Депутаттың пікірінше, Милан мен Кортина қалаларында өтетін қысқы Олимпиада алдындағы дайындыққа қатысты нақты есеп берілмей отыр.

«Биыл Қазақстан спортшылары қысқы Олимпиадаға 23 лицензиямен қатысады. Алайда Туризм және спорт министрлігі қысқы Олимпиададан тек бір медаль алуымыз мүмкін деп мәлімдеді. Бұл қысқы спортты дамытудағы нақты стратегияның жоқтығын көрсетеді», – деді депутат.

Қасқарауов бірнеше маңызды мәселелерді атап өтті.

«Спортшылардың дайындығы қажетті деңгейде ме, және Олимпиададан нақты қандай нәтиже күтуге болады? Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми сайтында мемлекеттік тілде толық ақпарат жоқ. 2022 жылдан бері бюджеттің орындалуы туралы деректер жаңартылмаған. «Дайындыққа бөлінген 13,3 млрд теңгенің есебі қайда?» – деп сұрады депутат.

Ол Алматы облысындағы «Қысқы спорт түрлерінен республикалық, Алатау жоталары спорт шеберлігі мектебі» үш жылдан бері жабық тұрғанын мысалға келтірді. 2022–2023 жылдары оның күрделі жөндеуі үшін бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, алайда мектеп әлі іске қосылмаған. Сонымен қатар Риддер қаласындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде құрылыс жұмыстары аяқталмаған. 250 бала оқитын мекемеге жыл сайын 2 млрд теңге бөлінеді, бірақ нәтиже көңіл көншітпейді.

Депутат Олимпиада алдындағы маңызды кезеңде спортшы тапшылығы барын да атап өтті. Халық пен жанкүйерлер қолдау көрсететін спортшының жоқтығына наразы, алайда министрлік үнсіз отыр.

Оның пікірінше, төрт жыл жеткілікті мерзім болса да, ел ішінде жүйелі жұмыс жүргізілмей, нақты нәтижелер анықталмаған.

«Бір жылда 13 млрд теңге жұмсалды ма?» – деп сұрады депутат.

Депутат ұлттық құраманың дайындықтарын толық қамтамасыз ету мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, спортшылардан нақты нәтиже күтудің заңды әрі орынды екенін атап өтті.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button