Мәжіліс депутаты Әбүтәліп Мүтәлі Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Тurkystan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол техникалық құрылғылардың лицензиясыз сатылуы мен шетелдік серверлер арқылы деректердің өңделуін азаматтардың жеке өміріне қауіп деп атады.
«Бүгінде елімізде техникалық құрылғылар нарығы іс жүзінде реттелмеген және бақылаусыз қалыптасқан. GPS трекерлері, GSM маяктары, мини-камералар, дауыс жазғыштар және онлайн платформалар арқылы лицензиясыз немесе сертификатсыз сатылатын электрондық құрылғылар нарықта қолжетімді.
Осы құрылғылар арқылы ел азаматтарын заңсыз бақылауға алу мүмкіндігі бар. Бұл азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиясын қорғау құқығына қауіп төндіріп қана қоймай, жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тыңшылық сияқты тәуекелдерді арттырады.
Қазір банктік карта және интернетке қолжетімділігі бар кез келген адам ақпаратты жасырын алу үшін техникалық құралды сатып ала алады. ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы мұндай құрылғыны өндіруге, сатып алуға, сатуға және пайдалануға тыйым салғанымен, олардың жаппай айналымы кешенді құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.
Құқық қорғау органдары рейдтік жұмыстар барасында дауыс жазғышы бар қаламдар, тұрмыстық затқа жасырылған бейнекамералар, көзілдірік және флешка сияқты құрылғылардың сатылуын анықтады. Алматы, Теміртау және басқа да аймақтарда мини-камералар мен GSM жүйелері тәркіленді, кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда бұл шаралар жүйелі емес, тек жеке жағдайға қатысты. Нарық еш кедергісіз жұмысын жалғастырып, ауқымын кеңейтуде», — деді Ә. Мүтәлі.



