Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Депутат: ЛГБТ қозғалыстары шетелден қаржы алып, жоспарлы жұмыс істеп отыр

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елдегі ЛГБТ мәселесіне қатысты өткір пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz

Халық қалаулысының айтуынша, бұл тақырып соңғы бес жыл бойы қоғам мен парламент алаңында талқыланып келеді. Ол әріптестерімен бірге бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі қарастырғанын айтты.

«Қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп тұтас халыққа жала жапты. Тіпті мектептерге барып, заңсыз насихат жүргізді. Бұдан бөлек, депутаттарға қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылды. Бұл – заң шығарушы органның өкілдеріне қысым көрсету мен адам құқығын таптау», – деді ол.

Жаңбыршиннің пікірінше, ЛГБТ қозғалысы мен оларға жақтас топтар қоғамды азғындыққа итермелейтін идеологияны кеңінен таратып отыр.

«Бүгінгі күні ұлттық құндылықтарға қарсы бағытталған әсірефеминистік және ЛГБТ қозғалыстары шетелден миллиондаған доллар қаржы алып, жоспарлы түрде жұмыс істеп отыр. Бұл – нақты деректерге сүйенген бірнеше мысал ғана», – деді депутат.

Оның айтуынша, Мәжілісте қаралып жатқан ЛГБТ насихатын шектеуге бағытталған заң жобасы ешкімнің құқығын шектемейді.

«Бұл нормалар халықаралық ұйымдар айтып жүргендей адам құқығын шектеу емес. Керісінше, дәстүрлі отбасылық институтты қорғау, балалар мен жасөспірімдерді зиянды идеологиядан сақтау, ұлттық қауіпсіздікті күшейту және рухани иммунитетті нығайтуға бағытталған шаралар», – деп түйіндеді Еділ Жаңбыршин.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button