Жаңалықтар

Депутат: Микроқаржы ұйымдары халықты қарызға батыруда

Фото:parlam.kz

Банкроттық туралы заң да, банкроттыққа тапсыру тетігі де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Осы мәселені көтерген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Қайрат Балабиев Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдады,  деп жазды qandastar.kz

Қарызға белшеден батқан азаматтарға көмек көрсету үшін банктерге берешегін кешіріп, соттан тыс және сот арқылы «банкрот» деп тануға, төлем қабілетін арттыруға арналған Заңды (бұдан әрі – Заң) Мәжілісте жан-жақты қарап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын. Аталған Заң борышкерлердің ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ, өтініш беруге оңтайлы жағдай жасауы тиіс еді. Сондай-ақ, оның шарттарында 6 млн. 291 мың теңгеден  аспайтын қарыздарды  банкроттыққа тапсыруға болатыны көрсетілген.  Алайда, шын мәнісінде, бұл Заң да, банкроттыққа тапсыру тетігі де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Қолда бар жалғыз ресурс «Е-өтініш» қосымшасы арқылы жолданған өтініштер  қанағаттандырылмай отыр. Соның салдарынан өмір бойы бейнеттеніп зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлер зейнетақысынан қағылып жатыр, – деді ол.

Көпшілігінің банктер алдында төленбей қалған қарыздары бар екенін, сот орындаушылары бәрінің есепшоттарын бұғаттап, шетелге шығу мүмкіндіктерін шектеп тастағанын айтқан депутат нақты мысалдарды алға тартты.

Банктерге барсаңыз, бар-жоғы 32 мың теңге зейнетақысы банк картасына түспей жатып жоқ болып кеткен, зар илеген зейнеткерлерді көресіздер. Жағдайды зерттесек, зейнетақы «кіріс көзі» болып саналады және зейнетақы әлеуметтік қорғалған есепшот санатына жатқызылмаған. Әлеуметтік қорғалған есепшоттарды  ашу тек «Каспий банкі», «Халық банкі» және «Центр кредит» банктеріне бекітілген. Бұл банктердің филиалдары тұрмақ, банкоматтары жоқ жер көп. Барлық жерде банкоматтары болмаса да, бөлімшелері бар «Қазпошта»  әлеуметтік қорғалған есепшоттарды ашуға болатын тізімге  енбеген. Бұл қасақана жасалған әрекет емес пе? Біздің микроқаржы ұйымдары айлықтан-айлыққа деп аз ақша беріп алдап, айналдырған 30 мың теңгені төлей алмаса да, оған он еселеп өсім қосып, қарызға батырып жатыр. Ешбір табыс көзі жоқ азаматтарға уақытша көмек болғанымен, оңайлықпен құтылмайтын қарызға айналып кететінін көпшілік біле бермейді. Бірақ, бұл біздің бұқараның тоқтығын көрсетпейді. «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының аясында азаматтардың қаржылық сауаттылығы арттырылып жатыр. Ойланбастан несие алатындардың қатары сиреп келеді. Президент тапсырмасымен Заң қабылданғанның өзінде, банкроттыққа тапсырудың неге қиындап кеткенін кім түсіндіреді? Борышкерлердің айтуынша, «Е-мобил» қосымшасы арқылы банкроттыққа тапсыру тетігі жергілікті салық органдарының құзыретіне берілген. Бұл орайда, мемлекеттік органдар борышкерлердің мүддесіне жұмыс істеуі тиіс! Ал, енді зейнетақы қорынан қомақты қаржыны алып, ел игілігі үшін пайдаланып жатқандықтан, зейнетақыны «кіріс көзі» деп санау – ұят емес пе?  Қазақ «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген ұрпақты тәрбиелесе, қариялардың ризашылығын алмағандардың сағы сынатынын ескерген екен. Бейнеткештердің зейнетақы жинағына қол салғанымыз аздай, зейнеткерлерге зейнетақысын жегізбеуіміз елдігімізге сын болар, – деді Қайрат Балабиев.

Осы мәселелерге қатысты депутат бірқатар ұсыныс айтты.

1. Әділет органдарына берешегі бар зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттаудан босатуды;

2. Республикалық базадан банктерде берешегі бар зейнеткерлерді бақылап анықтауды;

3. құзырлы органдарға зейнеткерлердің соттан тыс және сот арқылы «банкрот» деп тану процесін жеңілдетуді;

4. зейнеткерлердің қарызын кешіруді;

5. барлық екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» мекемесінен де зейнеткерлер үшін әлеуметтік қорғалған есепшоттарды жаппай ашуды ұсынамын, – деді депутат.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close